Ресейде апаттан 150 мың тұрғын жылусыз қалды

Ресейдің Мәскеу облысының халқы қақаған аязда жылусыз қалды, деп хабарлайды 24KZ.

Апат салдарынан бірнеше қала жылудан ажырап, 150 мың тұрғын суық үйлерде тұруға мәжбүр.

Жылу тораптарында апат 4 қаңтарда болды. Сол күні қатты аяз тұрып, сынап бағанасы минус 30 градусқа дейін төмендеген. Салдарынан Подольск қаласының Климовск шағын ауданындағы 174 көпқабатты үй жылу мен жарықсыз қалды. Олардың арасында мектептер мен ауруханалар бар. Жалпы бұл жағдайдан 150 мың тұрғын зардап шекті.

Апатқа қарамастан Подольскіде төтенше жағдай 2 күннен кейін ғана жарияланды. Құзырлы органдар қазандық иесі болған оқиғаны бір тәулік бойы жасырғанын айтады. Мәскеу маңындағы бірнеше мекен де жылусыз отыр. Жергілікті билік мұндағы желілердің түгелдей дерлік тозып кеткенін мойындады.

Светлана Разворотнева, Думаның Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті төрағасының орынбасары:

- Бұл қазандық көп жылдар бойы жергілікті бюджеттен қаржыландырылып келген. Өйткені оны тұрғындардың төлемі есебінен ұстап тұру мүмкін емес. Ал мемлекет бөлген қаражат қазандықты жаңартуға емес көбіне ескірген инфрақұрылымды жөндеп сақтап тұруға жұмсалған. Соңы, міне, осындай жағдайға алып келді. Негізі бізде жылу нысандары желілерінің 40% дереу ауыстыру қажет.

Дана Нұржан, тілші:

- Апаттан кейін 6 күн өтсе де, Климовскіде 40-қа жуық үйдің тұрғындары әлі де жылусыз отыр. Бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, жергілікті қалалық әкімшілік өкілдері мен қазандықтың басшысы қамауға алынды. Ал жекеменшікте болған жылу станциясы мемлекеттің қарауына берілді.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.