АҚШ-та инфляция өсті
Энергия мен тұрғын үй бағасының қымбаттауы желтоқсанда АҚШ-тағы инфляцияның өсуіне алып келді.
Енді Федералды резервтік жүйенің инфляцияны 2 пайыздық межеге жеткізуі екіталай. Еңбек департаментінің есебіне сәйкес, тұтыну бағаларының индексі былтырдан бері 3,4%-ға өскен. Осылайша, желтоқсан айындағы нақты мәліметтер экономистердің болжамынан сәл жоғары болып шықты.
Қараша мен желтоқсан аралығындағы инфляцияға негізінен нарықтағы тұрғын үй бағасы әсер еткен. Еңбек департаментінің ресми мәліметінше, баспана құны жарты пайызға және жылдық мөлшерлеме 6 пайызға өскен. Энергия мен азық-түлік бағасы да инфляцияға кері ықпал етті.
Айжан Сыдықова, тілші:
- Желтоқсанда электр энергиясы бағасының индексі 1,3%-ға өсті. Азық-түлік те қымбаттап барады. Екінші ай қатарынан 0,2% артқан. Ең көп қымбаттаған жұмыртқа бағасы - шамамен 9%ға өсті. Себебі көптеген фермаларда құс тұмауы шықты. Орташа есеппее, 2023 жылы инфляция 4%-дан асты.
Желтоқсан айындағы жұмыспен қамту есебі бойынша АҚШ-та еңбекпен қамту көрсеткіші экономистердің болжамынан асып түсті. Дегенмен, еңбек нарығы инфляцияны жеделдетуі мүмкін-дейді кей сарапшылар. Жұмыс берушілер жұмыс іздеушілерді тарту кезінде шығындары көбейіп, сол себепті өнімдерінің бағасын қымбаттату арқылы тұтынушылардың қалтасына салмақ салады.
Роберто Торрес, дәмхана иесі:
- Біз қазір әр өлшемдегі пластик немесе қағаз стакандардың 300 қорабын, алдын ала сатып алып жатырмыз. Осылайша шығындарымызды үштен екіге қысқартып, инфляцияның соққысын тұтынушылар есебінен көтеріп отырмыз. Біз бастаған кезде сүт қосылған латте 3,50 доллар тұратын. Қазір 5 доллар тұрады. Бұл бір шыныаяқ кофеге ғана тиесілі жеткізу тізбегі барлық нәрсеге әсер еткені сөзсіз.
АҚШ Федералдық резервтік жүйесінің ақша-несие саясаты шешімдері тұтыну бағасының өсуіне әкеліп отыр. Осы айдың соңында өтетін келесі кездесуде пайыздық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыруы ықтимал.
Джером Пауелл, АҚШ Федералдық резерв жүйесінің төрағасы:
- Біздің инфляция бойынша 2%-дық мақсатымызға жетуге кепілдік жоқ. Қажет болса, біз саясатты одан әрі күшейтуге дайынбыз. Инфляцияны уақыт өте келе 2%-ға тұрақты түрде төмендету үшін және осыған жету жолында сенімді болғанша қатаң ақша-несие саясатын ұстап тұруды, қысқарту саясатын сақтауды мақсат етіп отырмыз.
Елдегі қымбатшылық электорат көңіл күйіне де тікелей әсер етеді. Сарапшылар Джо Байденнің кезінде қалыптасқан жоғары инфляция биыл қарашада өтетін президенттік сайлауда оның жеңіске жету мүмкіндігін азайтқанын айтады.
Авторы: Айжан Сыдықова