Жер сілкінісінің ошағы болған Қытайдан тікелей эфир

Алматы өңірі мен еліміздің бірқатар аймағында сезілген жер сілкінісінің ошағы Қытайда болды.

Құтқарушылар мұндағы қираған үйінділердің астынан екі адамды алып шықты. Оның біреуі бала. Зілзала болған аймақта іздестіру-құтқару, апат салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Кейбір елдімекендер әлі де жарықсыз отыр. Пойыз қозғалысы тоқтап тұр. Лай көшкіні болған өңірлерде жолдарды тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Қытайдан Руслан Бақытбекұлы тікелей байланыста. Жер сілкінісінің зардабын қатты сезінген көрші елдегі ахуал қандай? Халық табиғат апатына қаншалықты дайын болып шықты? 

Руслан Бақытбекұлы, тілші: 

- Құтқару шаралары әлі де жалғасып жатыр. Қазір ғана шекара полициясы екі адамды үйінді астынан аман алып шыққаны белгілі болды. Оның біреуі бала. Апат кезінде жеткіншек үйде қалып қойған. Ал әпкесінің аяғын құрылыс қирандылары басып қалған. Зардап шеккендер жергілікті ауруханаға жеткізілді. Қазір Шыңжаң қарулы полиция корпусы төтенше жағдайларды жою механизмін іске қосты. Осыған сәйкес қарулы полиция 600-ден астам әскери қызметшіні жұмылдырылды.

Сондай-ақ жергілікті қоғамдық қауіпсіздік бөлімдері жол учаскелерінде, көпірлерде және су өткізгіштерде құтқару және қауіпсіздік тексерулер жүргізіп жатыр. Айта кету керек, жойқын жер сілкінісі Шыңжаңның Ақсу аймағындағы Үштұрпан ауданында болды. Оқиға жергілікті уақытпен түнгі сағат екілер шамасында тіркелді. Жер теңселгенде тұрғындар үйлерін тастап, жапа-тармағай қашқан. Сілкініс көзі жер астында 22 шақырым тереңдіктен басталды. Мамандардың айтуынша алғашқы сілкініс 7 балдан асқан. Артынша тағы бірнеше рет қайталанған. Кейінгілері 5,3 баллды құраған. Жойқын болғаны соншалық Үрімші, Қашғар сияқты ірі қалаларда да сезілді. Үштұрпан және Ақши аудандарында электр желісі үзіліп, жұрт жарықсыз қалды. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, теміржолдар қирап, 27 бағыттағы пойыз тоқтаған. Таудан құлаған тастар жолдарды жауып көлік қозғалысы шектелді. Тұрғын үйлер мен қора-қопсылар жарамсыз болып қираған. Жер сілкінісінің эпицентрі биік таулы аймақтағы Үштұрпан ауданының Ямансу Қырғыз ауылында болған. Бұл аймақ теңіз деңгейінен шамамен 3 мың метр биіктікте орналасқан. Халық та аз шоғырланған көрінеді. Алайда эпицентрден 26 шақырым жердегі Қызылсу-Қорғыз автономиялық облысының Ақши ауданындағы Құлансары кентінде үш адам жарақат алды. Сонымен қатар, жер сілкінген аймақта тау көшкіні тіркелгені белгілі болды. Дүмпу салдарынан таудан тастар құлап Сумуташи қаласындағы жол учаскесін басып қалған. Қазір құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Адамдар қоғамдық және жедел жәрдем көліктерімен қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Кейбір баспанасыз қалған адамдар спорт залдар мен арнайы жылыну шатырларына орналастырылды. Мемлекет апат болған аймаққа 8 тонна гуманитарлық көмек жіберіп, көрпе-төсек, жылы киім-кешек, пештер жөнелтіп жатыр. Зардап шеккен адам саны мен келген шығын көоемі құтқару операциясы аяқталғаннан соң белгілі болады.