Оксфорд университетінің студенттері қазақ тілін үйренеді
Ұлыбританияда Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Вольфсон колледжі арнайы келісімге қол қойды.
Тараптар, сондай-ақ, әлемге әйгілі жоғары оқу орнының студенттерін біздің елде тағылымдамадан өтуге уағдаласты.
Оксфорд университетінде бірнеше шетел тілінің арнайы оқу орталығы бар. Әсіресе студенттердің түркітілдес мемлекеттердің бай мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне деген қызығушылығы ерекше. Алдағы уақытта әлемнің түкпір-түкпірінен келген жастар ұлы Абай тілін үйрене бастайды.
Тим Хитченс, Wolfson колледжінің президенті:
- Оксфорд университетінде біз дәстүрлі түрде ешқашан қазақ тілін оқытпаған едік. Қазақстан туралы көбірек білгісі және үйренгісі келетін студенттердің саны артып келеді. Сондықтан Вольфсон колледжі бүгін қазақстандық Ғылым және жоғары білім министрлігімен меморандумға қол қойды. Сонымен қатар білім қуған қазақ ғалымдарын Оксфорд университетіне тарту мәселесі де қарастырылып жатыр.
Еліміздің стратегиялық жағдайы, Еуразияның орталығында орын алуы Оксфорд ғалымдарының қазақ тіліне деген қызығушылығын арттырған. Әлемнің қозғаушы күші Азияға қарай жылжыған заманда сол құрлықтың жүрегінде орналасқан Қазақстанмен байланысты нығайту маңызды дейді олар. Жоба Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен бірлесіп жүргізіледі.
Лейла Наджафзада, Оксфорд университеті жанындағы «Бір сөз» бастамасының директоры:
- Оксфорд университін тәмамдаған студенттер Қазақстанға барып, институтта сабақтарға қатысып үлгерді. Енді біз осында оқытатын оқу бағдарламасын құру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Азия және Таяу Шығысты зерттеу факультеті бұл мүмкіндікке дән риза. Өйткені Оксфорд қазақ тілін үйрететін Ұлыбританиядағы бірінші және жалғыз оқу орны болғалы тұр.
Тілдік курстарды қаржыландыру университеттің түріктілдес тілдерге арналған арнайы бағдарламасы есебінен жүргізіледі. Қанатқақты жобаның ауқымы кеңейген кезде демеушілер тарапынан қосымша қаржы көздері қарастырылмақ. Келісімге қол қою кезінде министрлік және университет өкілдері өзара тәжірибе алмасу мәселелерін де қозғады.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Оксфорд университетінің зерттеушілері мен PhD, магистратура оқушылары енді Қазақстанға тағылымдаға келуге дайын. Әл-Фараби атындағы және Абай атындағы ұлттық университеттері және Ахмет Байтұрсынов атындағы Тілтану университетінің негізінде ғылыми, тілдік тағылымдамалар жүзеге асырылатын болады.
Тіл курстары жоғары деңгейде өтуі үшін тыңғылықты дайындық қажет. Білім сапасына ерекше мән беретін Оксфорд университеті қазақ тілін үйренгісі келетін алғашқы студенттерін қабылдауды келесі академиялық оқу жылында бастамақ.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы