Техас штаты АҚШ билігіне құлақ аспайтынын көрсетті
АҚШ-та заңсыз мигранттар мәселесі Ақ үй мен штаттар арасындағы текетіреске әкелді.
Техас билігі Байден әкімшілігінің де, Жоғарғы соттың да шешіміне құлақ аспай шекарада өз дегенін жасап жатыр. Ал бұл онсыз да ушығып тұрған миграциялық дағдарысты одан сайын өршітіп жібереді деген қауіп бар. Бұған қоса, президент сайлауына да тікелей ықпал етуі мүмкін.
Орталық билік пен жергілікті шенеуніктердің тартысы президент сайлауына нақты қалай әсер етуі мүмкін?
Біріншіден, техастықтар келімсектердің келуіне қарсы. Ал мұны бұрынғы президент Дональд Трамп сайлауалды науқан қарсаңында ұтымды пайдаланып жатыр. Толығырақ санаулы секундтан соң.
Заңсыз миграция дағдарысы
АҚШ-та заңсыз мигранттар мәселесі бұрыннан бар. Жыл сайын "Американдық арман қуған" мыңдаған босқын Мексика жақтан заңсыз өтеді. Соңғы жарты жылдың өзінде 342 мың адам Құрама Штаттар аумағына келген. Ал одан шекаралас өңірлер қатты зардап шегеді. Сондықтан Техас штаты келімсектердің нөпірін тоқтату үшін Мексикамен арадағы шекараға тікенек темір сымдар тартып, босқындарды тұтқындай бастады. Бірақ Байден әкімшілігі бұған бірден наразылық білдірді. «Шекара мәселесі федералды биліктің құзырындағы шаруа. Сондықтан Техас штаты оған заңсыз араласу арқылы конституция талабын бұзды» деп сотқа шағым түсірді. 22 қаңтарда Жоғарғы сот федералды билікті жақтап қаулы шығарды. Бірақ губернатор оған бағынбай, қоршауды күшейтуді жалғастырып жатыр.
ЦИТАТА
"Техастың Мексикамен арадағы шекараға орнатып жатқан тікенек сымдар заңсыз мигранттарға қарсы бағытталған. Біз осы босқындардың нөпіріне тосқауыл қою үшін бұл істі ары қарай жалғастыра бермекпіз".
25 қаңтарда Техас билігін тағы басқа штаттардың 25 губернаторы қолдап шықты. Олар Ақ үйді көші-қон заңын сақтамады деп айыптады. Олардың айтуынша, Байден әкімшілігі келімсектерді кедергісіз өткізіп жатыр.
АҚШ президентінің әрекетін халық қалаулары да сынға алып жатыр. Өкілдер палатасының спикері, республикашыл Майк Джонсонның айтуынша, заңсыз көші-қон бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп, шекарада дағдарысты жағдай қалыптасқан.
Майк Джонсон, АҚШ Өкілдер палатасының спикері:
- Джо Байденнің тұсында біздің еліміз күйреп жатыр. Мемлекетімізге миллиондаған келімсек пен бірге есірткі мен қылмыскерлер енуде. Бұл ұлттық қауіпсіздігімізге үлкен қатер төндіріп тұр. Осындай сәтте жауапкершілікті өз мойнына алып, шешім қабылдаудың орнына қазіргі президент әкімшілігі әрекетсіздік танытып отыр. Жағдайды реттеуге тырысып жатқан шенеуніктерді айыптаумен әлек.
Жалпы миграциялық дағдарыс қазір президент сайлауындағы негізгі тақырып. Саяси додаға қайта түсіп жатқан экс-президент Доналд Трамп бұл мәселені сайлауалды науқанынана ұтымды пайдаланып жатыр. Қайта сайлансам ұлықтау рәсімінен кейін бірінші кезекте шекараны жауып, Америкадағы заңсыз мигранттарды ең ірі депортациялау операциясын бастаймын дейді. Ал бұл президент лауазымынаа қайта таласып жатқан Байденнің беделіне соққы болып тиіп, сайлау қорытындысына әсер етуі мүмкін.