Ғасыр апаты: Түркиядағы зілзалаға 1 жыл
Осыдан тура 1 жыл бұрын Түркияда жойқын жер сілкінісі болды.
60 мыңға жуық адамның өмірін жалмаған табиғи апат – Түркия тарихындағы ең үлкен трагедия. Бүгін зілзала болған аймақтардағы мектептерде бір күндік демалыс жарияланған. Халық апат құрбандарын еске алып, жақындарының қабіріне барып, зиярат етіп жатыр
Түркияда былтыр тіркелген жойқын жер сілкінісіне бүгін тура 1 жыл. БҰҰ Даму бағдарламасының мәліметтері бойынша зілзаладан 107 мың 213 адам жапа шекті. Жүздеген мың ғимарат қирап, миллиондаған тұрғын баспанасыз қалды. Зілзала кезінде қираған үйлердің астында қалып, із-түзсіз жоғалғандар көп. Севда Косе ағасы, жеңгесі және кішкентай інісінен айырылып қалған.
Cевда Косе, жергілікті тұрғын:
- Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Тіпті 100 жыл өтсе де. Туған-туыстарымды, ет жақындарымды өз көзіммен көрмеген соң өлді деуге дәтім бармайды.
Түрік билігінің мәліметінше, 670 мыңнан астам тұрғын үй құлаған. Жарты миллион халық әлі шатырларда тұрып жатыр. Соның бірі – Фатьма Кирчи. Жұбайы, 2 баласы бар. Қазір мемлекеттен жаңа пәтердің кілтін алуға кезекте тұр.
Фатьма Кирчи, жергілікті тұрғын:
- Апат кезінде қызымнан айырылдым. Енді қалғандарын да қызғыштай қорып, көз алдымда жүргенін қалаймын. Бұрынғы үйіме қайта оралғым келмейді. Әзірге осы шатырларды паналауға мәжбүрміз.
Қазір жергілікті билік жаңа тұрғын үйлердің құрылысымен айналысып жатыр. Апаттан кейін президент Режеп Тайып Ердоған екі жыл ішінде 11 провинциядағы 680 мың ғимаратты қайта салуға уәде берген. Панасыз қалған тұрғындарға жаңадан салынған үйлердің кілттері 3 ақпаннан беріле бастады. Үкімет биыл барлығы 200 мың тұрғын үй кешенін тапсыруды жоспарлап отыр.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
- Опат болғандарды кері қайтара алмаймыз. Бірақ қирағанның орнын толтырып, жер сілкінісі салдарынан келген материалдық шығынды өтеу өз қолымызда. Ең соңғы азаматты үйіне орналастырмайынша бізде маза болмайды. Біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, бұл қиындықты еңсереміз.
Әлемнің 90 елі Түркияға көмек жөнелтіп, қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсетті. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бауырлас түркі жұртына мемлекетіміз 1 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы аударды.
Авторы: Фариза Жанғанаева.