Халықаралық SWAT челленджінен «Сардар» жасағы жүлделі орын иеленді

Сүйінші. Халықаралық SWAT челленджіне қатысқан мемлекеттік күзет қызметінің «Сардар» жасағы жүлделі үшінші орын иеленді.

Алғашқы екі орын Дубай полициясының қанжығасында. Арнайы жасақ әскерлері чемпионатына елімізден Бүркіт, Сұңқар, Сардар, Арыстан жасағының жауынгерлері қатысқан болатын. Атап өту керек сарбаздар сайысына Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Америка, Қытай, Канада, Қырғызстан, Индонезия, Ресей, жалпы 41 мемлекеттен келген 76 команда бақ сынады. біздің сарбаздар бес күн бойы ерекше дәлдік, физикалық төзімділік және командалық рухымен мойындатты. Әсіресе, турнирдің төртінші күні аяғын кенеттен сындырып алған Сұңқарлық жауынгердің қайсарлығы ел аузында. Қазақ сарбаздарының өр рухы мен командаластардың демей жөнеліп, мәреге бірге жетуі, сайысқа көз тіккен талай жұрттың есінде қаларлық табанды әрекет.

Жауынгер:

- Аяғын сындырса да, берілген, қойылған тапсырманы аяғына дейін орындап, біздің жауынгерлер көмегімен финишке жетіп, қойылған тапсырманы орындады. Қазіргі таңда ол Астана қаласы Ішкі істер министрлігінің госпиталінде қаралып жатыр. Жағдайы жақсы. Биыл жігіттер жарады. Біз өте үлкен нәтиже көрсеттік.