Нью-Йоркте коменданттық сағат енгізілді
Техас губернаторы, республикашыл Грег Эбот 2022 жылдан бері елге Мексикамен шекара арқылы ағылған мигранттарды демократтар басқаратын қалаларға жөнелтіп келеді. Солардың бірі – Нью-Йорк.
Соның салдарынан қалада ұрлық жасап, қайыр сұрайтын босқындар көбейген. Сондықтан шаһарда коменданттық сағат енгізілді.
Жалпы Нью-Йоркте 200-ден артық босқындар орталығы бар. Оларды мыңдаған мигрант паналап жатыр. Әзірге 4 орталықта түнгі сағат 11-ден таңғы 6-ға дейін коменданттық сағат енгізіліп, қадағалау күшейтілді. Ережеге сай осы уақыт аралығында босқындарға көшеге шығуға тыйым салынды. Осылайша, шаһар басшылығы келімсектер тарапынан жасалған қылмыс санын азайтпақ.
Эдвин Мендоза, экводарлық мигрант:
- Бұл түнде жұмыс істейтін біз секілді адамдарға қиындық туғызып жатыр. Тапсырыс жеткізумен айналысымен. Оны әрең таптым. Жұмыс берушім мені тек түндегі жеткізу қызметіне шақырады. Отбасымды асырауым керек. Енді не істерімді білмей тұрмын.
Елдің оңтүстік шекарасын заңсыз кесіп өткен мигранттар Техас штатынан күн сайын автобустармен лек-легімен келіп жатыр. Екі жылға толмас уақытта Нью-Йоркке 165 мың босқын кірген. Қала мэрі Техас штатына шара қолдана алмайды. Қолдан келетіні – тасымалдау компанияларын сотқа беру.
Эрик Адамс, Нью-Йорк қаласының мэрі:
- Бүгін біздің әкімшілік Техас губернаторының Нью-Йоркке ондаған мың мигрантты тасымалдауға қатысқан 17 компанияның үстінен сотқа шағым түсірдік. Олар штаттың заңын бұзды. Сондықтан бұл компаниялар өздері әкелген мигранттарды күтуге жұмсаған $700 млн-ға жуық қаржымызды өтеуі тиіс.
Босқындардың көптігінен қалада арнайы паналау орталықтары жетпеген соң оларға бірқатар қонақ үйді, тіпті кей мектептердің спорт залдарын босатып берген. Бірақ осының өзі мәселені толық шешуге көмектесе алмады. Мыңдаған адам суықта жұқа шатырларда тұруға мәжбүр.
Авторы: Айжан Сыдықова.