Германия экономикасы Жапонияны басып озады
Жапонияда дағдарыс.
Экономикалық қуаты бойынша әлемде үздік үштікте болған ел енді 4-орынға ығысуы мүмкін. Сарапшылар Жапонияның орнын Германия басады деп болжайды. Ал жапон билігі бұл болжаммен келіседі ме?
Жапония экономикасы өткен жылдың кейінгі 2 тоқсанын да қатарынан құлдырады. Жалпы ішкі өнім былтыр қазан мен желтоқсан аралығында 0,4 пайызға кеміген. Ал одан бұрын 3,3 пайызға төмендеген еді.
Касуо Уэда, Жапония банкін басқарушы:
"Тұтыну бағасы біртіндеп өседі деген жорамал бар. Инфляция деңгейі 2 пайызға жетуі мүмкін. Қазіргі кезеңде экономикалық-қаржылық жағдайға болжам жасау өте қиын болып тұр".
Жапонияның ұлттық валютасы - иена доллар мен еуроға қатысты біршама құнсызданды. Bloomberg мұны ақша-несие саясатымен байланыстырады. АҚШ пен Еуропа инфляциямен күрес құралы ретінде пайыздық мөлшерлемені көтерсе, Жапония банкі мұндай қадамға бармады.
Сигэру Исиба, депутат:
"Пайыздық мөлшерлемені аяқ астынан ешкім де көтермейді. Бұл қауіпті қадам. Біз елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын тыңғылықты зерттеуіміз қажет. Біздің қаржылық саясатты қайта қарастыруымыз керек деп есептеймін".
Халықаралық валюта қоры биыл Германия Жапонияны басып озады деп болжайды. Неміс елінің жалпы өнімі 4 триллион 700 миллиадқа жетіп, күншығыс елінің көрсеткішінен 410 миллиардқа асуы мүмкін.
Ернат Қашқынов