Солтүстік Ирландия Ұлыбритания құрамынан шыға ма?

2 жылға жуық уақыттан кейін Ұлыбритания құрамына кіретін Солтүстік Ирландияның жаңа үкіметі жасақталып, мемлекет саяси дағдарыстан шықты.

Бірақ тұрғындардың қуанышы көпке созылмаған сияқты. Ел іргесі 1921 жылы қаланғалы бері тұңғыш рет билікке «Шинн Фейн» ұлтшылдар партиясының өкілі келді. Ал оның басты мақсаты Солтүстік Ирландияны Ұлыбритания құрамынан шығарып, Ирландиямен біріктіру. Партияның көшбасшысы Мишель О’Нил референдум өткізіп, дегеніне жеткісі келеді.

Стормонт сарайында Ұлыбритания Премьер-министрі мен Ирландия үкіметінің басшысын Солтүстік Ирландия «Шинн Фейн» партиясының бірінші министрі және оның орынбасары - демократ-юнионистер партиясының өкілі қарсы алып жатыр. Саяси дағдарысты еңсергендеріне қуанышты. Өйткені 2 жылға жуық уақыт бойы Солтүстік Ирландия автономиясы үкіметсіз қалды. Демократиялық юнионистер партиясы Брекситтен кейінгі сауда келісімдеріне наразылық білдіріп, парламенттен шығып кеткен болатын.

Мишель О’нил, Солтүстік Ирландияның бірінші министрі:

- Бұл біздің тарихымыздағы маңызды сәт. Көпшілік бұған сенбеген еді. Ата-анамның, ата-әжелерімнің буыны да «Шин Фейн» өкілі бірінші министр болады деп ойламаған шығар. Сондықтан маған үлкен жауапкершілік артылып отыр дер едім.

Лондон Ұлыбританияның басқа аймақтарынан Солтүстік Ирландияға тасымалданатын тауарларды бақылауды жұмсартуға уәде бергеннен кейін Юнионистер өз ұстанымдарын өзгертті. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерге 3 миллиард фунт көлемінде қаржылық қолдау ұсынылды.

Риши Сунак, Ұлыбритания Премьер-министрі:

- Солтүстік Ирландия саясаткерлері өз халқының атынан қайтадан шешім қабылдай алатын болады. Біздің жаңа келісіміміз осы елдегі отбасылар мен бизнеске бұрынғыдан да көп қаржылай қолдау көрсетіп, өкілеттіктер береді.

Жаңа үкімет солтүстік ирландиялықтарды таң қалдырып, көпшіліктің пікірін екіге жарды. Өйткені мұндай жағдай үш ұйықтаса да ешкімнің түсіне кірмеген еді. Халық арасында жаңалыққа шын қуанғандармен қатар, күмәнмен қарағандар да болды.

Блиц

- Жеке өзім бұған қуанбас едім, өйткені мен юнионистпін. Бірақ демократия деген осы. Бұған тек көнуіміз керек. Өз басым оларды парламентке кіргізбес едім.

- Бұл, әрине, болашаққа жасалған нық қадам. Нәтижесінде Ирландиямен бірігеміз бе, жоқ па белгісіз. Бірақ бұл, әрине, жаман жаңалық емес.

Аралда орналасқан мемлекет 1921 жылға дейін Ұлыбританияға тәуелді болды. Англия-Ирландия соғысынан кейін ғана арал халқы егемендік алып, мемлекет екіге бөлінді. Нәтижесінде Ирландия және Солтүстік Ирландия елдері пайда болып, соңғысы Корольдіктің құрамында қалды. Бірақ халқы әлі де екіге жарылған. Бірі Ұлыбританиямен бірге болуды жақтайтын юнионист-протестанттар болса, екіншісі Ирландияға қосылғысы келетін католик-ұлтшылдар.

Кейт Хейворд, Белфаст корольдік университетінің профессоры:

- Тұңғыш рет бірінші министр қызметіне түпкі мақсаты Ирландияны біртұтас мемлекетке айналдырғысы келетін партияның өкілі келді. Партия жетекшісі Мишель О’Нил алдағы он жылда Ирландия Республикасына қосылу туралы референдум өткізу идеясын ұсынып жүр.

Бірақ бұл идеяның қалай жүзеге асатыны белгісіз. Ұлыбританиядан бөлінгісі келетін Шотландия ұлттық партиясы «Шинн Фейнге» үлгі бола алмайды. Біріншіден, Шотландия ұлттық партиясы билікте бұрыннан бері отыр. Ал «Шинн Фейн» жақында ғана келді. Екіншіден, 1998 жылы Солтүстік Ирландиядағы қарулы қақтығыстарға нүкте қойған Келісім бар. Тәуелсіздік туралы референдумды өткізбес бұрын ол Келісімді жаңалап алу керек. Ал оған біраз уақыт кетеді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы