Дубайда Қазақстанның сауда үйі ашылды
Дубайда Қазақстанның сауда үйі және Qaz Steppe Innovation Hub ашылды.
Шара Қазақстан кәсіпорындары сауда-экономикалық делегациясының Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары аясында жүзеге асырылып отыр. Отандық кәсіпкерлерді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастап барды. Хаб озық қазақстандық стартап жобаларға арналған. Іс-шараға 200-ден астам компания, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бизнес ұйымдардың өкілдері қатысуда. Бүгін өтетін келіссөздер қорытындысы бойынша құны 20 миллион доллар болатын келісімге қол қою жоспарланып отыр.
Джамал Бин Саиф Әл-Джарван, БАӘ Экономика министрлігінің бас хатшысы:
- Қазақстандық бизнес делегациямен кездесуде біз екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың келешегін талқыладық. Қазақстандық сауда үйінің тұсаукесері бізге елдегі бизнес-ортаны жаңартып, инвестиция мен өзара сауданы арттыру әлеуетін көрсетті. Біз Қазақстанмен тиімді серіктестікті дамытуға ниеттіміз.
Ырза Тұрсынзада, «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің директоры:
- Бұл біздің отандық тауар өндірушілерге үлкен мүмкіндік. Араб әмірлігінің тұтынушысына біздің елімізде шыққан тауар жетуі керек. Алдарыңызда тұрған бұл отандық қолөнершілердің төлтуындылары. Мұны біз әлемге паш етуіміз керек. Бұл біздің ұлттық мәдениетіміз. Бұйыртса бұл араб әмірлігіндегі біздің президентіміз қойған межесі бар, тауар айналымын бір миллиардқа дейін жеткізуіміз керек.