Вашингтонда домбыра үйірмесі ашылды
Шетелде тұрып жатқан отандастарымыз үшін төл тілін ұмытпай, түпкі мәдениетті сақтау басты мәселе.
Сол үшін белсенді азаматтар түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Оларға Елшілік те қолғабыс етеді. Мәселен, Вашингтонда тіл үйрету сабақтары мен домбыра үйірмесі жұмыс істейді. Әзірге топтар балаларға арналған. Алдағы уақытта ересектер тобын ашу жоспарда бар екен.
Бексұлтан Сейдулла Фулбрайт бағдарламасымен магистратураға түсіп, былтыр Вашингтонға келген. Осыған дейін Францияда жоғары білім алып, Қазақстанда қызмет еткен талапты жас мектеп кезінен домбыра тартады. Мұхиттың арғы жағына сүйікті аспабын ала келген. Жоғарғы оқу орынында білімін жетілдіріп қана қоймай АҚШ-та тұрып жатқан қазақ балаларына домбыра үйретіп, ұлттық мәдениетімізді бойларына сіңдіргісі келеді.
Бексұлтан Сейдулла, домбыра үйірмесінің ұстазы:
- Францияда оқуда жүрген кезімде балаларға неге домбыра сабақтарын үйретпеске деген сұрақ қойдым өзіме. Бұл сұрақ кішігірім домбыра үйірмесіне айналып, екі жылдай жалғасты. Содан кейін Вашингтонға көшіп, домбыра сабағын жалғастырайын деп елшіліктің қызметкері Өтегенов Ерланмен бірігіп, кішкентай домбыра үйірмесін, сенбілік тобын аштық.
Шәкірттеріне жеңіл туындыларды үйретуден бастаған Бексұлтан болашақта «Адай», «Еркесылқым», «Балбырауын» күйлерін үйретіп, мерекелік шараларға қатыстыруды мақсат етіп отыр. Үйірменің ашылғанын ести сала Айбек Байбатыр бірден келіп жазылған. Домбыра тарту бұрыннан арманым еді дейді.
Айбек Байбатыр, үйірмеге қатысушы:
- Мен ата-анамның жұмысы бойынша түрлі елдерде, Өзбекстан, Монғолияда тұрдым. Қазір Америкада тұрамын. Бірақ қайда жүрсем де мен елімді сағынамын, мәдениетімізге жақын болғым келеді. Сондықтан домбыра үйірмесі ашылғанда бірден келдім. Өйткені мен Алматыда тұратын әжеме қазақша күй ойнап беруді армандаймын.
Ал 500 ғалым жобасымен тағылымдамадан өтуге келген Гүлмира Тастемірқызының қазақ тілі үйірмесін жүргізгеніне 2 айдай болып қалды. Білікті ұстаз балаларға сабақты ойын түрінде қызықтырып өткізуге мән беретінін айтады.
Гүлмира Мұхамеджанова, қазақ тілі үйірмесін ұйымдастырушы:
- Шетелде өсіп, шетелде тәрбиеленіп жатқан балалар үшін бір пайдам тисін деп әр сенбі осы елшілікте қазақ тілі курсын ұйымдастырып жүрмін. Балалардың тарапынан қазақ тілін, ана тілін үйренемін деген ниеттері бар, талпыныстары бар. Қолымнан келгенше көмектесіп жатырмын.
Елшілік ішінде жұмыс істейтін үйірмелерге келушілердің арасында кішкентай бүлдіршіндер де көп. Жергілікті балабақша мен мектептегі ортада ана тілін естімейтін балақандар үшін сенбілік кездесулер қазақ тілін үйреніп, ұлттық салт-дәстүрімізбен жақын танысуға септігі зор.
Авторы: Айжан Сыдықова