Рамазан айында қақтығыс тоқтай ма?
«Ораза, намаз – тоқтықта». Қасиетті Рамазан айына санаулы сағат қалды. Алайда кейбір мұсылман елдерінде тыныштық жоқ.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Газа секторы мен Оңтүстік Судандағы қарулы қақтығысты тоқтатуға шақырып жатыр. Бірақ ораза кезінде оқ ату тоқтай ма?
Палестиналықтар қақтығысқа қарамастан оразаға дайындық жасап жатыр. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, Газадағы 2 миллион 200 мың тұрғын өмірге қауіп, аштық және індет жағдайында Рамазан айын қарсы алмақ. Үкімет тарапынан көшелерді безендіру биыл мүлде қолға алынған жоқ. Тек кейбір мұсылмандар тұрып жатқан шатырын әлі жеткенше безендірген.
Имам Хинди, жергілік тұрғын:
- Биыл Рамазан айын қарсы алу бойынша ешқандай ресми рәсімдер жасалып жатқан жоқ. Қазір біз соғыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Көптеген жақындарымыздан айырылдық. Көңіліміз құлазып жүр.
Қасиетті айдың келе жатқанын сезіне алмай отырған елдің бірі – Оңтүстік Судан. Мұнда 25 миллион адам басымен қайғы болып жүр. 8 миллионы босқынға айналған. Біріккен Ұлттар Ұйымының басшысы тым құрығанда Рамазан айында атысты тоқтатуға және ораза ұстағандарға мүмкіндік беруге шақырды.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
- Судандағы 2 әскери топтың арасындағы қақтығысқа жақында 1 жыл толады. Қасиетті Рамазан айына деген құрметпен барлық тарапты атысты тоқтатуға үндеймін. Рамазан құндылықтары салтанат құруға тиіс. 18 миллион судандық онсыз да аштан өлгелі жүр.
Судандағы жауласушы қос тарап Біріккен Ұлттар Ұйымының үндеуіне құлақ асатынын мәлімдеді. Олардың нақты қандай іс-әрекетке баратынын уақыт көрсетеді. Ал сарапшылар: «Газа секторындағы қақтығыстың тоқтауы екіталай», – дейді.
Авторы: Ернат Мелсұлы.