Вашингтонда дәстүрлі Наурыз фестивалі тойланды
АҚШ астанасы Вашингтонда дәстүрлі Наурыз фестивалі биыл осымен 10-рет тойланды.
Түркітілдес халықтардың жыл басы болып саналатын мейрамға жиылған халықтың қарасы қалың.
Ән айтылып, би биленді, сондай-ақ Наурыз базар ұйымдастырылды. Мерекелік сахнада қазақтың “Гүлдер” бишілер тобы өнерін көрсетті.
Көздің жауын алатын әшекейлер, қолдан жасалған ыдыстар, түрлі ұлттық киімдер, қолөнер бұйымдары, тәтті-дәмділер, барлығы да мейрамға орай жайылған Наурыз базарынан табылды.
Хариса Маздисни, Наурыз базарына қатысушы:
- Ирандық немесе парсы мәдениетте жаңа жыл 21 наурызда келеді. Бұл көктемнің басы. Осы кезде біз дәстүрімізге сай, өсімдік өсіреміз. Бұл жаңарудың, Жаңа жылдың, яғни көктем келіп, табиғаттың ояну белгісі.
Мерекелік концерт даладағы сахнада өтті. Күн ызғарлы, дауылды болса да, келушілер көп болды. Әсіресе қазақтың мың бұралған бишілері көрермен ықыласына бөленді. “Гүлдер” тобы 2017 жылы құрылған. Содан бері олар АҚШ-тың түрлі қалаларында өткізілетін Наурыз мерекелерінде, басқа да үлкен іс-шараларда өнерлерін көрсетіп жүр. Осы жолғы фестивальге үш би дайындапты. Ал топтың ұйымдастырушысы және жетекшісі Зарина Әлім сомдаған Аққу биіне жиналған қауым ерекше қошемет көрсетті.
Зарина Әлім, “Гүлдер” тобының жетекшісі:
- Біз биді өте жақсы көреміз, мен жас кезімнен бастадым. Қазір жетекшімін және Гүлдер тобының хореографымын. Америкалықтар, жалпы адамдар сұрайды бұл қандай костюмдер, ол қандай билер деп. Біз түсіндіреміз, бірінші мақсатымыз ол қазақтың мәдениетін көпшілікке таныстыру және ол бізге қуаныш әрі мақтаныш.
Жалпы Вашингтон аумағында түркітілдес халықтардың түрлі мерекелік шаралары жер-жерде өткізіледі. Ал жергілікті қазақ диаспорасы қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген Наурыз мерекесін оразадан кейін, яғни сәуір айында өткізуді жоспарлап отыр.
Айжан Сыдықова