Бірнеше штатта дүлей дауыл соқты
Табиғаттың тосын мінезі жаһан жұртын да әбігерге салды.
Бірінде дүлей дауыл соғып, дүйім жұрттың дегбірін қашырса, енді бірінде су тасқыны елдің үрейін ұшырған. Ал одан келген зиян мен шығын шаш етектен.
АҚШ-тың бірнеше штаты дүлей дауыл мен тасқыннан зардап шекті. Жағдай әсіресе, Огайо, Пенсильвания және Индиана штаттарында күрделі. Инфрақұрылымдар істен шығып, тұрғын үйлер зақымданған. Ал Вирджиния мен Мэнде 700 мыңдай үй жарықсыз қалған. Сабақ тоқтатылып, мектептер уақытша жабылды. Ондаған рейс кейінге шегерілді. Дауылдың екпіні әзірге басылмайтынға ұқсайды. Ауа ағыны енді елдің оңтүстік-шығысына қарай ойысып барады.
Ресейдің бірнеше елді мекенін су басты
Ресейдің Челябі, Қорған облыстарының да бірнеше ауданын су басты. Аймақта төтенше жағдай жарияланды. Құтқарушылар тұрғындарды жаппай эвакуациялап жатыр. Кейбір елді мекендермен байланыс үзілген. Себебі қарғын су көпірлерді қиратты. Мамандардың айтуынша, кейінгі тәулікте Тобыл өзенінде су деңгейі 67 сантиметрге көтерілген. Гидрологтар бұл, тасқынның басы ғана дейді. Сондықтан аталған облыстың 3 округінде тасқынға қарсы дайындықтың жоғары режимі жарияланды.
Австралияда тасқын қаупі төніп тұр
Австралияның жаңа Оңтүстік-Уэльс штатында төпелеп жауған нөсерден тасқын қаупі туды. Өңір басшысы тұрғындарға сақ болуды ескертіп, сапардан бас тартуға шақырды. Әсіресе алдағы 48 сағатта деді штат премьер-министрі. Себебі Сиднейде қатты дауыл соғып, 100 миллиметр жауын түскен. Соның салдарынан әуежайда ондаған рейс тоқтады. Пойыз қозғалысы да шектелді.
Тайваньда құтқару жұмыстары жалғасып жатыр
Тайваньда жер сілкінісінен қираған нысандарда әлі де іздеу-құтқару жұмысы жүріп жатыр. Бірақ зілзаладан кейін афтершоктар біршама кедергі келтіруде. Мамандардың дерегі бойынша қазір үйінді астында 660 адам бар. Естеріңізде болса, түнеугүні Тайваньда қуаты 7 баллдан асатын жойқын жер сілкінісі тіркелген еді. Содан 12 адам опат болды. Мыңнан аса азамат жарақат алды.
Дауылдан $260 мың шығын келген
Қырғызстанда дүлей дауылдан келген қаржылай шығын көлемі белгілі болды. Азаматтық қорғау комиссиясының есебі бойынша 260 мың доллар. Естеріңізге болса, наурыздың 28-інде Бішкекте екпінді жел соғып, 10 адам зардап шеккен еді. Бірнеше көлікке зақым келіп, электр сымдары үзілді. Шу облысында 200-ден астам нысан бүлінді. Осыған байланысты төтенше жағдай режимі жарияланды.