Орынборда көпқабатты үйлерді су басып жатыр

Орынбор қаласында көпқабатты үйлерді су басып жатыр. Өңір арқылы өтетін Жайық өзенінің деңгейі 11 метрден асып кетті.

Бұл қауіпті межеден 2 метрге көп. Қорған облысында Тобыл өзенінің деңгейі де көтеріліп жатыр. Мамандар: «бұлай жалғаса берсе, 2 күннен кейін өңірдегі жағдай ушыға түсуі мүмкін», – деген болжам айтып отыр.

Қорған облысының билігі тұрғындарды алдағы 2-3 күнде үлкен сынақ күтіп тұрғанын ескертеді. Ал Орынбор тасқын бүгін-ертең шарықтау шегіне жетеді деп күтіліп отыр..

Су көпқабатты үйлерге кіре бастады

Орынбор қаласында тасқын бүгін-ертең шарықтау шегіне жетуі тиіс. Кейінгі тәулікте мұнда су деңгейі тағы 69 сантимерге көтеріліп, қазір бір метрден асады. Ал өңір арқылы өтетін Жайық өзенінің дейгейі 11 метрден асқан. Бұған дейін су қаладағы жеке үйлерге ғана кірсе, енді көпқабатты үйлердің бірінші қабатын басқан. Шаһарда эвакуация әлі жалғасып жатыр.

Жалпы Орынбор облысы бойынша 13 мыңдай үй бүлінген. Жергілікті биліктің алдын ала есептеуінше, өңірге тасқыннан 40 миллиард рубль шығын келген. 250-ден аса адам медициналық көмекке жүгінген. Аймақта лас судан жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау үшін жаппай эвакуация жүріп жатыр. Онымен мобильді бригадалар айналысып жатыр.

Светлана Сударева, клиника директоры:

- Біздің клиниканы су басты. Абырой болғанда, дер кезінде шешім қабылдап, науқастарды қайтардық. Қабылдауды тоқтаттық. Қызметкерлерді де үйлеріне жіберіп, электр энергиясы ажыратылды. Техника мен жиһазды жоғарғы қабаттарға апарып қойдық.

 

Орск қаласындағы су бөгеті қалпына келтірілді

Ресейдің төтенше жағдайлар министрі тасқын салдарын жою жұмыстарын бағалау үшін бүгін Орскке барды. Мұнда жағдай тұрақталып келеді. Түнде қалада судың деңгейі 30 сантиметрге азайған. Мұнда бір апта бұрын дамба жарылған еді. Соңғы мәлімет бойынша бөгеттің бүлінген жерлері қалпына келтірілген. Қазір үйлерден суды шығару жұмыстары жүріп жатыр.

 

Тобыл өзенінің деңгейі көтеріліп жатыр

Қорған облысында Тобыл өзенінің деңгейі көтеріліп жатыр. Мамандар 14-15 сәуірге таман жағдай ушығатынын болжап отыр. Қазірдің өзінде бірнеше елді мекенді су басқан. 6 мың адам эвакуацияланған. Жергілікті шаруалар биыл шаш етектен шығынға батуымыз мүмкін деп алаңдаулы. Су басқан өңірлерде А гепатитіне қарсы вакциналау жүріп жатыр. Ол үшін облысқа екпенің 27 мың дозасы жеткізілген. Қазір Қорған қаласының маңында дамба нығайтылып жатыр. Онымен айналысып жатқандарды жергілікті қоғамдық тамақтану орындары тегін ас-ауқатпен қамтамасыз етіп отыр.