Франция Ирандағы азаматтарын елден кетуге шақырды
Франция Сыртқы істер министрлігі отандастарын Ираннан уақытша кетуге шақырды.
Ведомство ресми Тегеранның Израильге қарсы соққысынан соң осындай шешімге келген. Ал елде қалғандарға барынша сақ болуға, адам көп шоғырланған жерден қашық жүруге үндеді. Мұндай бастаманы құптаған елдер қатарында Жапония мен Германия да бар. Олар азаматтарына Иранға бармауды ескертті. Ал ол жақта жүргендер сақ болып, еліне оралуға қам жасауы керек.
Иран жұрты шеру өткізді
Ал Иранда жергілікті халық елдің Израильге қарсы әскери операциясын қолдап, шеру өткізді. Шара Иранның барлық қаласында өткен. Бұған дейін парсы елі ресми Тель-Авивтің Дамаскідегі консулдығына қарсы шабуылын қатаң айыптап, оны жауапсыз қалдырмайтынын ескерткен. Сарапшылар Иранның соққысынан соң арадағы шиеленіс үдей түсуі мүмкін дейді. Қазір қос тарап текетіреске дайындық үстінде.