Өзбекстан елімізге гуманитарлық көмек жіберді

Көршіміздің үкіметі тарапынан ұсынылған 300 тонна жүк Түркістан облысы аумағына жеткізілді.

Енді сол жерден тасқыннан зардап шеккен өңірлерге таратылады. Бұдан бөлек, қарапайым өзбекстандықтардың қолдауы бар. Олар бірнеше күннен бері жылу жинап, арнайы көмек әзірледі.

Халыққа ең қажетті азық-түлік, балалар мен ересектерге арналған киім, төсек жабдық және резеңке қайықтар. Осыдан бірер күн бұрын Ташкентте ашылған гуманитарлық пункт алғашқы жүк керуенін жолға шығарды. Сауапты істің басы-қасында жергілікті кәсіпкерлер, белсенді азаматтар және қазақ мәдени орталығының өкілдері жүр.

Серікбай Үсенов, республикалық қазақ мәдени орталығының төрағасы:

- Біз бүгін бұл гуманитарлық көмектен басқа да 60 жігітті дайындап отырмыз. Сол қирап қалған үйлерді қалпына келтіруге, жаңадан салып беруге барамыз деп отыр. Біз арғыкүні Қостанайда боламыз. Жәрдем керек болса үйлерін құрып береміз деп отырмыз.

Ел азаматтары жинаған жылу Қазақстан шекарасынан өтіп, Қостанай өңіріне жол тартқан. Бастамаға ауыл-аймақ халқына дейін үлес қосып жатыр. Бірі қаржылай, енді бірі материалдық тұрғыда көмек көрсеткен. Әлі де жәрдем берем деушілердің қарасы қалың.

Әбдірасул Тастанов, кәсіпкер:

- Көмегімізді аямаймыз. Кәсіпкерлер, блогерлер келіп осы жерде көмектерін аямай жатыр. Бүгін фурамызды толтырдық. Келесі фурамыз да толады, Қазақстанға жібереміз.

Бағлан Әбдукәрімов, кәсіпкер:

- Ташкенттегі қазақ-өзбек бауырларымыз көмектесіп жатыр екен. Біз де өз үлесімізді қосып, Қазақстандағы зардап шеккен бауырларымызға қол ұшын созып, ауырдың үстімен өтсін деп кішкене көмектескен жайымыз бар.

Мұндай қолдау өзбекстандықтардың Қазақстанда болып жатқан жағдайға бей-жай қарамайтынын білдіреді. Себебі жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Күні бұрын көрші ел президентінің тапсырмасы бойынша 300 тонна гуманитарлық жүк жіберілген. Оның ішінде, азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық зат және арнайы жабдықталған шатырлар да бар. Бауырлас елдің жәрдемі алдағы күндері алапат су тасқынынан зардап шеккен аймақ тұрғындарына жеткізіледі.

Авторы: Рауан Мыңбаев