Үндістандықтар кітапты ең көп оқитын мемлекет деп танылды

Ресей тұрғындары кітап оқуға аптасына 7 сағат арнайды.

Көрші ел былтыр бұл көрсеткіш бойынша үздік ондыққа кірген. Ал кітап ең көп оқитын елдердің үштігіне Азиядағы 3 мемлекет енді. Ол: Үндістан, Таиланд пен Қытай.

Үндістан тұрғындары кітап көп оқиды

Үндістан халқы кітапты көп оқитын ел саналады. Мұны NOP World компаниясы мамандарының былтыр жүгізген зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр. Оған сәйкес Үндістан тұрғындары ең көп оқитын мемлекет деп танылды. Мұнда әр тұрғын кітап оқуға аптасына орта есеппен 10 сағат 42 минут арнайды екен. Екінші орында Таиланд, үшінші орында Қытай тұр.

 

Пандемияның пайдасы

Әлемде кітапты ең көп оқитын мемлекеттердің ондығында Еуропа мемлекеттері көп. Испания өткен жылы бұл тізімге кірмей қалды. Бірақ Пиреней түбегі билігі алдағы уақытта жағдайды түбегейлі өзгертуді мақсат етіп отыр. Кейінгі жылдары мұнда кітап оқитын тұрғындардың үлесі 43%-ке артқан. Мамандар: «бұл – коронавирустың пайдасы», – дейді. Өйткені пандемия кезінде үйден шықпай отырған испандықтар мейлінше көп оқитын болған.

 

Кітап оқуға қызығушылық төмендеді

Дегенмен мамандар кейінгі жылдары дүниежүзінде кітап оқуға деген қызығушылық азайып бара жатқанын айтады.  Өйткені технологиялар дамыған заманда көбі көркем шығармалардан гөрі әлеуметтік желілерден жаңалықтарды бақылап отырғанды жөн санайды екен. Мысалы, сауалнама нәтижелері көрсетіп отырғандай, көрші Ресей тұрғындарының 30%-і бір жыл ішінде қолына бірде бір кітап ұстамағанын мойындаған. Бірақ соның өзінде былтыр көрші ел халқы ең көп оқитын мемлекеттрдің үздік ондығына кірді. Тұрғындар бұған аптасына орта есеппен 7 сағат арнайды екен.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.