Ұлыбританияда 20 жыл бойы инфекция жұқтырғандардың қаны құйылған

Ұлыбритания медицинасының тарихында бұрын-соңды болмаған сорақы жағдай.

20 жыл бойы мыңдаған адамға иммун тапшылығы вирусы мен С гепатитін жұқтырғандардың қаны құйылып келген. Емі жоқ дертке душар болып, қайтыс болғандар көп. Үкімет басшысы Ұлыбритания мемлекеті масқара болған күн деп оқиға құрбандарынан кешірім сұрады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- 1970-90-шы жылдар аралығында гемофилиямен ауыратын адамдарды донорлық қан плазмасынан жасалған препаратпен емдей бастаған және оның едәуір бөлігі АҚШ-тан әкелінген. Донорлардың қатарында жазасын өтеп жатқандар, есірткі қолданушылар және жезөкшелер болған. Ал олар адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясын және С гепатитін жұқтырғандар болып шықты. Нәтижесінде 30 мыңнан астам инфекцияға шалдығып, 3 мыңы бақилық болды.

Даниэлла Эдгертон, марқұмның туысы:

- Мен бүгін инфекция жұқтырып, қайтыс болған бауырым Расселді еске алу үшін келдім. Осы күнді 30 жыл бойы күтіп, енді жеңілдеп жатырмын. Бүгін осында жиналған қарт адамдардың азабы артта қалады деп үміттенемін. Болашақта мұндай оқиғалардың қайталануына жол берілмесін.

2017 жылы Премьер-министр Тереза Мэй жариялаған қоғамдық тергеудің нәтижесі біраз былықтың бетін ашты. Зерттеу барысында Ұлттық денсаулық сақтау қызметіндегілер мен үкімет мүшелерінің жылдар бойы шындықты жасырып, жәбірленушілерге өтемақы төлеуден және істі тергеуден бас тартып келгені анықталды. Тергеушілер: «Бұл қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді», – дейді. Науқастарға көп жағдайда қажет болмаса да, қан құйылып, саналы түрде инфекция жұқтырылыпты. Дәрігерлер ықтимал қауіп туралы білгенімен, адамдарды әдейі адастырған. Кісі шошырлық жағдайдың құрбандары мен олардың отбасыларынан биліктегілер кешірім сұрап, қателігін мойындап отыр.

Риши Сунак, Ұлыбритания Премьер-министрі:

- Бұл – Ұлыбритания мемлекеті масқара болған күн. Бүгінгі тергеу нәтижесі ондаған жылдар бойы моральдық тұрғыда күйрегенімізді көрсетеді. Ұлттық денсаулық сақтау қызметінен бастап, мемлекеттік қызметке дейін, бір-бірін ауыстырған үкіметтердегі министрлерден бастап, барлық деңгейлерде біз сенім артқан мамандар мен мекемелер үшін кешірілмес жағдай.

Үкімет басшысы құрбандарға және олардың отбасыларына ақшалай өтемақы төлеуге уәде берді. Бұл үшін бюджеттен 10 миллиард стерлинг фунты бөлінбек. Бірнеше жыл бұрын осыған ұқсас қайғылы жағдайлар Франция және Жапонияда да тіркелді. Ол кезде дәрігерлер, саясаткерлер және шенеуніктер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы.