Трамп 34 бап бойынша кінәлі деп танылды
АҚШ-та алқабилер бұрынғы Президент Дональд Трампты Hush Money ісі бойынша айыпты деп үкім шығарды.
Экс-президентке 2016 жылғы сайлау алдында киноактриcамен қатынаста болғанын жасыру үшін ақша төлеген деп айып тағылған болатын.
Айжан Сыдықова, тілші:
- Дональд Трампты Нью-Йоркте «ауызбастырық» ісіне қатысты сот процесінде алқабилер барлық 34 бап бойынша кінәлі деп таныды. Трамп қылмыстық іс бойынша сотталған АҚШ-тың алғашқы экс-президенті болды. Алқабилер соңғы 2 күнде істі шамамен 9 сағат бойы талқылады. Судья Хуан Мерчан үкімді 11 шілдеде шығаратын болады.
Іс Дональд Трамптың 2016 жылғы сайлау алдында ересектерге арналған киноактриса Сторми Дэниэлспен қатынасын жасыру үшін 130 мың доллар пара беріп, бизнес жазбаларын бұрмалауына қатысты болды. Сот отырысынан кейін экс-президент АҚШ-тың қазіргі билігі оның соңына түсіп алғанын айтып, әділдікке қол жеткізкенше күрестетінін мәлімдеді.
Дональд Трамп, АҚШ-тың бұрынғы президенті:
- Біздің елде өтірік жала жабу көбейді. Қаіргі істі Байден әкімшілігі саяси қарсыласын жеңу үшін жасап отыр. Бұл – масқара. Халықымыз жік-жікке бөлініп, біртұстастығымыздан айырылып жатырмыз. Өзге елдерден келімсектер қаптап, мемлекетіміз құлдырап барады. Сондықтан біз соңына дейін күресіп, міндетті түрде жеңетін боламыз.
Сот ғимаратының алдында жиналған Трамптың қарсыластары алқабилердің шешімі жарияланған кезде қол шапалақтап, қуаныштарын жасырмады. Ал экс-президенттің жақтастары Нью-Йорк пен Майамида жиналып, оған қолдау білдіріп жатты.
Мария Гонсалес, Д. Трамптың жақтасы:
- Мен бұл істің осылай аяқталатынын сезгем. Себебі олар Трамптың президент болғанын қаламайды. Бұл алдын ала жоспарланған деп ойлаймын.
Іске қатысты сот шешімі 11 шілдеде, яғни Республикашылардың ұлттық съезінің қарсаңында жарияланатын болады. Бірақ Трамп осыған қарамастан апелляцияға жүгініп, биылғы президенттік сайлауға қатысуды жалғастыра алады.
Авторы: Айжан Сыдықова.