Әлемде жыл сайын 10 млн астам адам лудоманиядан емделеді
Әлемде жыл сайын 10 миллионнан аса адам лудоманиядан емделу үшін мамандардың көмегіне жүгінеді.
Ал бұл дертті мойындамайтындары қаншама. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, құмар ойындардан жыл сайын 350 миллион адам зардап шегеді.
Австралияда әрбір төртінші тұрғын құмар ойын ойнайды
Австралия «ең ойынқұмар» мемлекет саналады. 27 миллионға жуық тұрғын болса, соның әрбір төртіншісі жаман әдетке бой алдырған. Жергілікті жұрт жыл сайын бұған 25 миллиард доллар құртады. Мұнда әсіресе ойын автоматтары танымал. Олардың саны 200 мыңға жуықтайды. Бұл жаһан бойынша ең үлкен көрсеткіш. Әлемдегі покер-машиналардың 20 пайызы да осында орналасқан. Құмар ойындарға қызығушылықтың бір себебі салық саясатымен байланысты болуы мүмкін дейді сарапшылар. Өйткені жеңімпаздар мемлекеттік қазынаға аз төлем төлейді.
Канадада құмарлық құрдымына кеткендер көп
YOUTUBE.COM/CITYNEWS
Канадада ДА құмар ойындар ойнайтындар көп. Өйткені бұл индустрияның жұмысын қадағалайтын бірыңғай заң жоқ. Әр провинцияның үкіметі мұны өзі реттейді. Мысалы, кейбірінде тұрғындар 18 жастан бастап ойнаса, басқаларында тек 19-дан ғана рұқсат етіледі. Әдетте жұрт онлайн казиноны таңдап жатады. Бір айта кетерлігі - елде құмар ойын ойнайтын әйел көп. Өкініштісі, елде жасы 15-тен асқан тұрғындардың 2 пайызы лудоманияға шалдыққан.
Жапонияда құмар ойындарға неге тосқауыл қойылмаған?
Ал Жапонияда тұрғындардың 3 жарым пайызы лудоманияға шалдыққан. Өйкені елде бірқатар шектеу болса да, құмар ойындарға рұқсат етілген. Бұрыш-бұрышта ойын автоматтары толып тұр. 10 мен 30 жас аралығындағы жапондықтардың 18 пайызы тәулігіне кемі 3 сағатын ойын ойнаумен өткізеді екен. Мұның бәрі өскелең ұрпақтың денсаулығына кері әсер етуде. Онда билік неге тосқауыл қоймайды деген сауал туындайды. Мәселе мынада. Жапонияда "ар-ұят мәдениеті" деген түсінік кеңінен тараған. Адам өз-өзін ұстай білу қажет. Ал оның жеке басына қатысты қиындықтар көпшілікке жария етілмеу керек.
Сарапшылар адамның өзінің жеке басының жауапкершілігінен бөлек мемлекет деңгейіндегі іс-шараларсыз құмар ойындар мәселесін шешу мүмкін емес дейді. Осы ретте Сингапурдың үлгісін мысалға келтіреді. Мұнда 2005-жылы құмар ойындар жөніндегі Ұлттық кеңес құрылып, өз тиімділігін көрсетіп келеді.