Вашингтонда АҚШ пен Қазақстан кәсіпкерлері кездесті
Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы жылдан жылға артып келеді, деп хабарлайды 24kz.
Былтыр 4 млрд доллар болса, биыл бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болады деген болжам бар. Оған жыл басынан бергі сауда қарқыны дәлел. Вашингтонда қазақстандық кәсіпкерлермен кездескен АҚШ-тағы Қазақстан елшісі Ержан Ашықбаев осылай деп мәлімдеді. Дипломаттың айтуынша, Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан азаматтарына ғана виза ұзақ мерзімге, яғни, 5-10 жылға беріледі.
Алпауыт АҚШ қай салада болмасын алда. Озық тәжірибе, тың бастамалар да осы жерден бастау алып жатады. Сондықтан Солтүстік Америкадағы Қазақ мәдени-іскерлік қауымдастығы қазақстандық кәсіпкерлерді АҚШ-қа шақырып, өзара тәжірибе алмасуға шақырған. Іскер топ өкілдері Нью-Йорк, Вашингтон, Сан-Франциско қалаларында америкалық кәсіпкерлермен кездесіп, инвестиция тарту және өзара ортақ жобаларды талқыламақшы.
Руслан Момбеков, кәсіпкер:
- Біріншіден, осы америкалық нарықты, америкалық компаниялардың тәжірибесін көру, қалай жұмыс істейді, мүмкін экспортқа импортқа. Тағы осында біз көптеген келген бизнесмендемен нетворкинг орнату, араласу, көру. Нью-Йоркте болып, франшизалық көрмеге бардық. Тағы да әртүрлі компанияларға бардық, мысалы, «Блумбергте» болдық. Осы жерде жергілікті бизнестің қалай жұмыс істеп жатқан тәжірибелерін қарап, бақылап жатырмыз.
Осындай шараны ұйымдастыруға мұрындық болған қауымдастық тек бизнес және мәдени қарым-қатынасты емес, әлеуметтік салаға да көңіл бөлмекші. Халықаралық медициналық алмасу жобаларын да дамыту жоспарда.
Айнұр Роджерс, қауымдастық президенті:
- Біз осы бағытта жұмысымызды наурыз айынан бастадық. Бүгінге дейін АҚШ және Қазақстан дәрігерлерінің арасында онлайн кездесу ұйымдастырдық. Олар пластикалық хирургтар, бет пен жақтың ауытқулары бар балаларға көмектеседі. Бірақ біз бұл тек физикалық мәселе емес екенін түсінуіміз керек. Америкалық пластикалық хирург дәрігерлер үшін Қазақстанға тегін ота жасауға сапар ұйымдастыруды жоспарлап жатырмыз бірінші Алматыға, кейін басқа да қалаларға барсақ деген ойда бар. Операция қазақстандық дәрігерлермен бірге жасалатын болады
Диана Камалладин, кәсіпкер:
- Айттық, көрсеттік, презентация бердік, содан кейін көп адамдарға ол ұнады, қызықты болды. Енді қазір біз меморандум және қызық нәрселерді бірге істейміз осы Американың компанияларымен бірге, Қазақстанмен бірге.
Абылайхан Камалладин, кәсіпкер:
- Былай айтқанда, алғашқы АҚШ-тағы университетпен қол қойылған контрактіні бастайық деп жатырмыз
Бизнес сапар ары қарай Кремний алқабында жалғасады. Онда кәсіпкерлер жоғары технологиялық компанияларға барып, тәжірибе жинамақ.
Авторы: Айжан Сыдықова