Ресейде пойыз билеті он жылда 40%-ке қымбаттады
Ресейде ресми статистикаға сүйенсек, азаматтардың 55%-і, яғни, халықтың жартысынан көбі жылына кемінде бір рет пойызбен жүреді, деп хабарлайды 24kz.
Былтыр елде теміржол көлігімен 1 миллиард 200 мыңнан астам жолаушы қатынаған. Теріскейдегі көршімізде теміржол тарифтерінің соңғы кезде қалай өзгерді?
Ресейде пойызбен жүретін азаматтар саны көп екен, ал билеттер бағасының қымбаттауы байқала ма?
Дана Нұржан, тілші:
- Шынымен де, Ресей тұрғындарының жартысынан көбі жылына кем дегенде бір рет пойызды пайдаланады. Айта кетейін, елдегі темір жолдардың ұзындығы 122 мың шақырымды құрайды. Бұл дегеніміз, жер экваторының ұзындығынан төрт есе көп. Ал Ресейде бұл көлік құралы жолаушылар айналымы бойынша әуе қатынасынан кейін екінші орында. Сондықтан ондағы тарифтердің қымбаттауы тұрғындардың қалтасына едәуір салмақ салды деуге болады. Биылғы жылдың алғашқы алты айында ғана плацкарт бағасы 23%-ке қымбаттады. Енді ең арзан тарифтің орташа бағасы әрбір жүз шақырым жолмен есептесек, 287 рубльдей болады. Купедегі орындарға билеттер де 15%-тен 17%-ке дейін көтерілді. Купе мен плацкарт тарифтерін мемлекет қатаң бақылайтынын айта кетейін. Олар жыл сайын қаралып, индексациядан өтеді. Бұған дейін бағалардың өсуі өткен жылдың желтоқсан айында болған және ол шамамен 11%-ті құрады. Жалпы Ресейде кейінгі 10 жылда пойызбен қатынау ақысы 40%-ке қымбаттады.