Ливанға көмек ретінде 67 тонна медициналық тауар жіберілді
БҰҰ осы аптаның соңына дейін Ливанға 67 тонна медициналық тауар жібереді.
Жәрдем алдағы үш айда 700 мың адамға жедел көмек көрсету үшін жетуі керек, - дейді ұйым өкілдері. Бір күн бұрын Түркия да Ливанға теңіз арқылы 300 тонна гуманитарлық жүк жөнелткен еді. БҰҰ өкілдерінің айтуынша, Ливандағы жағдай Газа секторындағы дағдарысқа ұласып кетуі мүмкін. Қазір бұл елде 30-дан астам алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы жабық тұр. Бір миллионнан аса тұрғын қоныстарын тастап кетуге мәжбүр болған. Мыңға жуық мектеп уақытша паналау орталығына айналды. Естеріңізге сала кетейік, қыркүйектің 30-ы күні Израильдің жаяу әскері Ливан аумағына кірді. Соның кесірінен 400 мың адам бас сауғалап, Сирияға қашты.