Бейжіңде балалар арасында шахматтан халықаралық турнир өтті

Қытайда балалар арасында шахматтан жарыс өтті.

Халықаралық турнир 25 қазан Республика күніне орай ұйымдастырылды. Зияткерлік ойынға 6 мемлекеттен ойыншылар қатысты.

Халықаралық турнир Бейжіңдегі Қазақстанның елшілігінде өтті. Оған 4-тен 12 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар қатысты. Басты мақсат – жеткіншектерді стратегиялық ойынға баулып, зейіндерін ашу. Дипломаттар жарысты еліміздің Республика күніне орай арнайы ұйымдастырды.

Даниял Сәбит, жарыс жүлдегері:
- Мықты балалар ойнап жатыр. Мен 6 жылдан бері шахмат ойнаймын. Қазақстанның Республика күнімен құттықтаймын.

Аянат Шерхан, жарысқа қатысушы:
- Мен сегіз жастамын. Мен шахматты бір жылдан бері ойнаймын. Маған шахмат ойнаған ұнайды.

Ернұр Бақытбек, жарысқа қатысушы:
- Сайыс маған өте ұнады. Керемет сайыс екен. Франциядан, Өзбекстаннан, Түрікменстаннан келген қарсыластарым болды. Жақсы деңгейде дайындалып келіпті.

Зияткерлік ойынға қазақстандық балалардан бөлек, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Франция елдерінен 20-ға тарта ойыншы келді. Кішкентай шахматшылар жас ерекшелігіне қарай екі топқа бөлініп сайысты. Ереже айналмалы тәртіп бойынша өткізілді.

Әйгерім Ілиясова, төреші:
- Турнир жоғары деңгейде өтіп жатыр. Балалардың қызығушылығы мол. Басқа мемлекеттен ниет білдірген балаларды да шақырдық. Турнирдің ережесіне келсек, мұнда турнир уақытқа ойнатылып жатыр. Келесі жылы спорттық шараны өткізу жоспарда бар.

Жарыс нәтижесі бойынша бірінші орын өзбекстандық шахматшыға бұйырды. Екінші және үшінші орындар қазақстандық ойыншылардың еншісінде. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы сертификаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы