Франциядағы тау-шаңғы шипажайы жұмысын тоқтатады
Климаттың өзгеруі Еуропадағы тау-шаңғы шипажайларына әсерін тигізіп жатыр.
Себебі жылдан жылға қар аз жауады. Салдарынан шаңғы демалыс аймағына келушілер қатары күрт азайған. Шипажай иелері болса шаш етектен шығынға баттық деп қапалы. Ал Грекияда судың тапшылығы ел экономикасының маңызды секторы туризмге қауіп төндірді.
Франциядағы "Альп-дю-Гран-Серр" тау-шаңғы шипажайы алдағы қыста демалушыларды қабылдамайды. Оған бір жағынан қаржы тапшылығы себеп болса, екіншіден қар жөнді жаумай жүр. Жылда жылға жағдай ушығып барады. Содан әр маусым сайын келушілер саны да азая бастаған. Енді шипажай жабылып, 200-де аса адам жұмыссыз қалайын деп тұр. Маңайдағы ауыл халқы да табыссыз қалатынына қапалы. Өйткені олар шипажайға келетін демалушылардың арқасында нәпақа тауып отырған.
Грекиядағы демалыс аймағында су тапшы
Қуаңшылық кесірінен Грекияға демалып барған саяхатшылар таза ауыз судан тарығуы мүмкін. Жазда Эгей теңізінің оңтүстік жағалауындағы Сифнос аралында осындай қиын жағдай туындаған. Тұщыту қондырғысы істен шығып, өңір 10 күн сусыз қалды. Жергілікті тұрғындар туристер көп шоғырланатын аудандарда шектеу шараларын енгізуді талап етіп отыр. Бірақ билік әзірге ондай қадамға барған жоқ. Өйткені туризм - ел экономикасының негізгі секторының бірі. Биыл саладан түсетін табыс көлемі рекордтық 22 милилард еуроға жетеді деген болжам бар.
Аляска тез жылынып барады
Климаттың өзгеруінен Аляскадағы ең танымал орындардың бірі - Менденхолл мұздығы жойылып кетуі мүмкін. Мұздықты өз көзімен көру үшін жыл сайын мыңдаған турист келеді. Бірақ кейінгі 40 жылда ол жағалаудан бір жарым шақырымға шегінген. Өйткені соңғы жылдары АҚШ-тың басқа өңірлерімен салыстырғанда, Аляска екі есе жылдам жылынып барады. Осылай жалғаса берсе, бірнеше ғасырдан кейін Менденхолл тіптен жойылып кетуі мүмкін дейді ғалымдар.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсел Әбдіыхалықова