АҚШ Газа секторына көмектің жеткізілмей жатқанына алаңдаулы

АҚШ Газа секторына көмекке қосымша 135 миллион доллар бөледі.

Бұл туралы Катарға сапары кезінде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен жария етті. Осылайша америкалықтар кейінгі бір жыл ішінде өңірге бір миллиард 200 миллион долларға гуманитарлық көмек көрсетіп отыр. Қазір Газадағы ахуал күрделі. Төрт тұрғынның үшеуі кедейлікте өмір сүреді. 133 мың адам аштық алдында тұр. Ол аздай, халықаралық ұйымдар Израиль әскері тарапынан гуманитарлық көмектің жеткізілуіне қатысты шектеулер барын айтады.

Энтони Блинкен, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

"Қаржы бөлу жеткіліксіз. Гуманитарлық көмек Газа секторының шекарасына әкелінеді. Бірақ әрі қарай мұқтаж жандарға жете ме, жоқ па - бұл жағын жіті қадағалау керек. Біз Израиль тарапына осыны тапсырдық. Газа Секторындағы гуманитарлық дағдарысты шешу бойынша іс-әрекеттерімізді жалғастыра беруіміз қажет. Күн сайын қаншама адам қиындыққа тап болуда. Арасында балалар мен әйелдер көп. Қыс жақындаған сайын олардың жағдайы тіптен ушығып барады."