Ливаннан бес жүз мың адам өзге елдерге босып кетті

Кейінгі бірнеше аптада 500 мың ливандық қонысып тастап, босып кеткен.

Зардап шеккен халықтың көбі көршілес Сирияға бағыт алса, енді бірі Иракқа бассауғалап барған. БҰҰ мәліметіне сәйкес, босқындардың дені әйелдер мен балалар. 

Ливандағы мыңдаған тұрғын Сирияның Хомс, Алеппо, Дамаск және Хама провинцияларына бассауғалап барған. Оларды Сирия билігі тұрмысқа қажетті азық-түлік, ауыз су, жатын орнымен қамтамасыз етіп жатыр. Бірақ қақтығыс пен санкцияларға байланысты аймақта гуманитарлық дағдарыс ушығып тұр. Жергілікті биліктің айтуынша, ливандық келімсектерді ұзақ мерзімге қамтамасыз ететін ресурстар жеткіліксіз. Соған қарамастан Ливан халқының Отанына қайту ойында жоқ. Өйткені "Сирияда күнелту біз үшін қауіпсіз әрі қолайлы", дейді. 

Мохаммад, босқын /ер /:

- Ливанның оңтүстігінде ахуал қиын. Көп жерлер бүлінген, өмір сүруге жарамсыз. Атқылаудан аман қалу үшін мен балаларыммен Сирияға пана іздеп келдім. 

Жағдайдың тұрақсыздануына байланысты кей ливандықтар Сирияда қалуды құп көрмейді. Олар сапарын әрі қарай жалғастырып, Ирактан пана тапқан. Кейінгі дерекке сүйенсек, қыркүйектің соңынан бастап 17 мың ливандық Сирия-Ирак шекарасын кесіп өткен. Олардың дені - әйелдер мен балалар. Көбі туыстарының үйіне тұрақтаса, тамыр-танысы жоқтар билік ұсынған уақытша баспаналарда күнелтіп жүр. 

Карам Ала, босқын /әйел/:

- Иракқа келгенімізде үкімет бізден сұрамай-ақ барлық қажеттілігімізбен қамтамасыз етті. Біз үй, жарық, ауыз сусыз күн кешуге етіміз үйренген. Сол себепті үмітіміз де болған жоқ. Бірақ ирак жұрты тұрмыстық заттардан бөлек, балаларымызға ойыншықтарға дейін берді. 

Ахмед Раад, босқын /ер /:

- Израильдің қатты соққысынан кейін біз үй-жайымыз бен отбасымызды, көлік, кәсібімізді тастап Иракқа қарай бағыт алдық. Еш демалмастан жолда 2 күн уақыт өткіздік. Мұнда келу оңай болған жоқ. Бағымызға орай, жергілікті халық бізді жылы қабылдады.

Ливан

Ал Ливанда ахуал күн санап ушығып барады. Оңтүстіктегі жұрт елдің басқа аймақтарына пана іздеп, жайғасып алған. Бірақ уақытша баспаналарда ине шаншар жер жоқ. Жергілікті халыққа Біріккен Араб әмірліктері қодау көрсетіп жатыр. Қазан айы басталғалы арабтар Ливанға 14 рет ұшақпен гуманитарлық көмек жіберген.

Франция

Мұнан бөлек Париж конференциясына қатысушылар Ливанда жағдайдың ушығуына байланысты 70 мемлекет пен халықаралық ұйымдардың көмегімен 1 млрд еуро қаражат аударатын болып шешті. Материалдық көмек жергілікті халықты гуманитарлық көмекен қамтамасыз етіп, әскер құрамын күшейтуге жұмсалады.

Әсия Нұрлыбаева, Тамерлан Ким