Қырғыздар Ыстықкөлді құтқарып қалу үшін Қазақстаннан көмек сұрамақ

Ыстықкөл Аралдың тағдырын қайталамауы тиіс.

Қырғыз министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров парламентте осылай деп мәлімдеді. Тау көлін құтқару үшін қырғыз билігі Қазақстан мен Өзбекстаннан көмек сұрауды жоспарлап отыр. Тілшіміз тарқатып айтады.

Кейінгі бірнеше жылда Ыстықкөлдің су деңгейі бұрынғыдан шамамен бір метр төмендеген. Бұған айдынға құятын арналардың құрғауы себеп дейді мамандар. Бұрын тау көліне жүздеген өзен құятын. Климаттық өзгеріс салдарынан олардың біразы тартылып, тіпті кейбірі мүлдем құрғап кеткен. Мұнан бөлек қуаңшылық кезеңі ұзарып, жауын-шашын азайып, булану деңгейі арта түсті. Жағдайдың нашарлауына антропогендік фактор да әсер етіп отыр.

Ақылбек Жапаров, Қырғызстан премьер-министрі:

- Қарқыр және Көккөр өзендері Ыстықкөлге су жібермейді. Ал өзеннен жоғарғы ағыс арқылы келетін суды шаруалар пайдаланып отыр. Өйткені ауыл шаруашылығы қарқынды дамуда. Сондықтан біз ғалымдармен бірге жұмыс істеп, көлді қалай сақтауға болатынын түсінуге тырысып жатырмыз. Біз Арал теңізінің тағдырын қайталағымыз келмейді.

Осы себепті Қырғызстан билігі Қазақстан мен Өзбекстанға көмекке жүгінуді жоспарлап отыр. Үкімет ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз етіп, су экспортын азайту үшін келіссөздер жүргізуге ниетті. Бұл бастаманы Ыстықкөлді құтқаруға арналған халықаралық ғылыми конференцияда талқыламақ. Оның қашан өтетіні әзірге белгісіз. Өйткені қазір Қырғызстанда ирригациялық желілерді қайта құру жұмыстары жүргізілуде.

Бақыт Торобаев, Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары:

- Бюджеттен бөлінген 500 миллион сомға 4 су қоймасының құрылысын бастадық. Үкімет бұл жобаға баса назар аударып отыр. Тұтас ел бойынша болашақ су қоймаларының орындары анықталды. Қазір біз жыл сайын 1,7 миллион текше метр суды сақтау мүмкіндігіне қол жеткіздік. Көрсеткішті 3 миллионға жеткізсек деген жоспар бар.

Қырғызстан суару каналдарын жаңғырту және гидротехникалық құрылымдарды қайта құру арқылы Қазақстанға биыл су жеткізу бойынша барлық міндеттемелерін орындауға мүмкіндік берді. Бұған қоса, Орталық Азия елдері су шаруашылығының басшылары Ашхабадтағы кездесуде келер жылдың сәуіріне дейін Қазақстанның Шардара су қоймасына 11 миллиард текше метр су жинау туралы келісімге қол қойды. Бұл келер жылғы суару маусымында оңтүстік аймақтарға қажетті су көлемі. 

Әсия Нұрлыбаева, Бакыт Чермашев