Мальдив аралдарында туристерге салынатын салық өседі

Мұнда елге кіру және әуежайды дамыту алымдары бар.

Енді 1 желтоқсаннан бастап солардың мөлшері 30 доллардан 50 долларға дейін артады. Сонда екеуін қоса есептегенде, эконом санаттағы жолаушылар 100 доллар, демек біздің ақшамен 50 мың теңге төлеуге міндетті. Бизнес-класс жолаушылары үшін бұл екі алым мөлшері 120 мың теңгеге жуықтайды. Бұдан бөлек келер жылдың 1 қаңтарынан бастап экологиялық салық екі есе өседі. Бұрын ол 3 доллар болса, енді 6 доллар болады. Ірі шипажайларда демалатындар үшін 6 доллардан 12 долларға дейін өзгереді. Сосын келер жылдың жазында туристік тауарларға салынатын салық 16-дан 17 пайызға дейін артады. Мұның бәрі Мальдив аралдарының қазынасына 175 миллион доллар  қосымша табыс әкеледі деп күтілуде. Бірақ жергілікі туристік индустрия қауымдастығы бұл бастамаға қарсы. Өйткені саяхатшылар санының азаюына әкеп соқтыра ма деп қорқады. Негізі былтыр аралда бір миллион 800 мың шетелдік демалған. Саладан түскен табыс 3 жарым миллиард доллардан асқан.