АҚШ-та электр қуатының 4%-ы жасанды интеллект деректерін өңдеуге жұмсалады

Жасанды интеллекттің тез дамуына қарай электр энергиясына деген сұраныс та артып барады.

Осы ретте технологиялық алпауыттар атомдық энергетиканың көмегіне жүгініп жатыр.

Қазір АҚШ-та тұтынылатын электр энергияның шамамен 4 пайызы нейрожүйелердің деректерін өңдеу орталықтарының үлесіне тиесілі. Жасанды интеллекттің қарқынды дамуына байланысты 2030 жылға таяу көрсеткіш 9 процентке дейін жетуі мүмкін. Сондықтан технологиялық алпауыттар энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру жолдарын іздестіруде. Осы ретте америкалық Майкрософт корпорациясы жергілікті Констэлейшн Энерджи компаниясымен 20 жылдық келісімшартқа қол қойды. Бірлескен жоба аясында Пенсильваниядағы "Три Майл Айленд" атом электр станциясының бірінші энергоблогын қайта іске қосу жоспарланып отыр. Майкрософт алынған электр энергиясын жасанды интеллектті дамытуға жаратады. 

Марк Нельсон, Radiant Energy Group компаниясының басқарушы директоры:

"Жоспар бойынша 2028-жылы атом электр станциясы қайтадан іске қосылуы тиіс. Қысқа ғана уақыт ішінде атқарылатын шаруа көп. Сонда Майкрософт электр энергиясын сол аудандағы орталықтарда ғана қолданумен шектеліп қалмай, оны өзге аймақтарға да тасымалдай алады."

Бұл энергоблок 2019 жылы экономикалық қиындықтарға байланысты қызметін тоқтатқан еді. Бірақ сарапшылар қазір шешімнің тиімсіз болғанын айтады. Сөйтіп АҚШ тарихында алғаш рет жұмыс істемейтін атом электр станциясы қайта іске қосылғалы жатыр. Майкрософт бұл жобаға бір жарым миллирд доллардан аса қаржы бөледі. Соның нәтижесінде блок 800 МегаВатт электр энергиясын өндіреді. Нысанның қайта іске қосылуы,,,тек технологиялық алпауытқа ғана емес, энергетикалық компания үшін де тиімді. Мысалы, жоба 3 жарым мыңдай жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

АҚШ

Брайан Хансон, Constellation Energy компаниясының вице-президенті:

"Біздің атом электр станцияларымыз үздіктердің бірі саналады. Өйткені біз қызметіміз бен жобаларымызды үнемі жетілдіріп отырамыз. Операторларымыз әр 6 апта сайын білімін шыңдайды." 

Бұған дейін Майкрософттан бөлек америкалық Гугл компаниясы да жасанды интеллектті дамыту үшін ядролық реакторларды қолдану туралы келісімге қол қойған. Алғашқы реактор 2030-жылы іске қосылуы тиіс. Биыл көктемде америкалық Амазон да атом энергиясы негізінде жұмыс істейін деректерді өңдеу орталығын сатып алатынын жария еткен.   

Жулдыз Атагельдиева, Асель Абдыхалыкова, Ислам Махамбет