Ливанда Израиль шабуылынан алты медицина қызметкері қаза тапты
Кейінгі бір тәулікте Израиль әскерінің Ливанның оңтүстігіне жасаған шабуылынан 6 медицина қызметкері қаза тапты.
Олардың біреуі аурухана директоры. Бұл туралы "Әл-Джазира" телеарнасы хабарлады. Аталған ақпарат құралының хабарлауынша, әуе соққылары негізінен Бейрут маңы мен Тир қаласына жасалған. Соққыдан жедел жәрдем көліктері мен медициналық мекемелерге зақым келген.
Бұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры қатаң айыптап, елдегі қарулы қақтығысты дереу тоқтатуға шақырды. Тедрос Гебрейесус сондай-ақ Бейрут әуежайының жұмысының тұралауынан Ливанға қажетті дәрі-дәрмектер жеткізуде қиындықтар барын жеткізді. Айта кетейік, Ливанның Денсаулық сақтау министрлігі келтірген мәлімет бойынша өткен жылдың қазан айынан бері Ливанда 208 медицина қызметкері қаза тауып, 300-ден астамы жарақат алған.