Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласындағы ынтымақтастықты жалғастырады
Екі елдің саяхат саласына жауапты компаниялар бірлескен гастрономиялық фестивальдер өткізіп, бауырлас ұлттардың ас мәзірін кең насихаттауға ниетте.
Мұндай бастама «Жібек жолы бойындағы туризм» атауымен Ташкентте өткен 29-шы халықаралық туристік жәрмеңкеде көтерілді. Ал Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінде қос тараптың жаңа ынтымақтастық меморандумдары бекіді. Құжаттарға еліміз атынан Алматы облысы, ал Өзбекстан тарапынан Ташкент және Жизақ облыстарының өкілдері қол қойды. Сондай-ақ Қазақстан рестораторлар клубы мен Өзбекстан аспаздар қауымдастығы тиісті келісім жасасты. «Бұл іс екі жақта да туристер санының артуына, қызмет сапасының жақсаруына ықпал етеді. Әрі өңіраралық өзара іс-қимылды одан әрі жалғастыруға берік негіз болады», - деді мамандар. Қол қою рәсіміне Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі және БАҚ өкілдері қатысты. Бейбіт Атамқұлов өз сөзінде екі ал арасындағы гастрономиялық туризмді дамытудың маңызына тоқталды.
Акбар Омаров, Өзбекстан аспаздар қауымдастығының төрағасы:
- Жаңа меморандумдар ең алдымен ортақ тәжірибемізді арттырады. Біз қазақстандық аспаздар қауымдастығымен бұған дейін де тығыз байланыста едік. Бірақ енді сол әріптестіктің аясы кеңейе түседі. Әсіресе гастрономиялық туризм ілгері дамитын болады. Жақын арада Қазақстанның рестораторлар қауымдастығы бізде семинар өткізбек. Олар өзбекстандық қатысушыларға сервисті заманауи тұрғыда жақсарту жолдарын түсіндірсе, біздің тарап ұлттық ас мәзірді бірегей брэнд қылу амалдарымен бөліседі.