Египеттегі кеме апатынан кейін 16 адам әлі табылған жоқ

Египет жағалауындағы кеме апатынан кейін әлі 16 адам табылмай жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Олардың төртеуі жергілікті тұрғындар, қалғаны шетелдіктер. Оқыс оқиға кеше Қызыл теңізде болған. Саяхатшылар мінген яхта Мысырдың шығысындағы Марса-әл-Алам курорттық қаласынан жолға шыққан. Бірақ қатты толқыннан аударылып қалған. Бортында 44 адам отырған. Құтқарылған жолаушылардың жағдайы жақсы. Соңғы рет кеме наурызда тексеруден өткен екен. Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Оларға әскери кемелер мен авиация тартылған. Еліміздің сыртқы істер министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, апатқа ұшыраған яхтада Қазақстан азаматтары болмаған.