Түркияда жылына 240 мың адам қатерлі ісікке шалдығады
Әлемде жыл сайын 20 млн адам қатерлі ісікке шалдығады. Оның тең жартысы өмірімен қош айтысады. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қатерлі ісік мәселелерін зерттеу жөніндегі халықаралық агенттік мәліметі.
Ал Түркияда жағдай қалай? Жаман аурумен күрес тәсілдері қаншалықты тиімді?
Қатерлі ісік көрсеткіштері бойынша әлемдегі секілді Түркияда да өсім бар. Себептері әртүрлі. Біріншіден, профилактикалық медицинадағы жетістіктер. Скрининг барысында ауру бірнеше ай тіпті бірнеше жыл бұрын анықталуы мүмкін. Екіншісі – ол халықтың қартаюы мен өмір сүру ұзақтығы. Қарт адамдарда қатерлі ісік түрі жиі кездеседі. Бұл табиғи құбылыс. Халықтың жасы ұлғайған сайын аурудың таралуының өсуіне себеп болады. Үшіншісі, әйелдер мен еркектер арасындағы теңдік, зиянды әрекеттерде де көріне бастады. Мәселен, темекі шегу әдеті. Бұған дейін ер адамдарда жиі көрінетін өкпе қатерлі ісігі, өкінішке қарай, әйелдерде де бірінші орынға шыққан. Соңғысы қатерлі ісікті ерте анықтап, өмірін ұзатқандар саны едәуір артқан.
Азамат Хекимоғлұ, онколог:
- Түркияда жыл сайын шамамен 240 мың адам қатерлі ісікке шалдығады. Ең жиі кездесетін түрлері: өкпенің қатерлі ісігі 40 мың адамда, сүт безі 25 мың адамда және тоқ ішек 21 мың адамда болады. Балалар арасында ең көп таралғаны – қатерлі ісік қан айналу жүйесінің ісіктері. Лейкоздар яғни. Толық сауығу жағдайлары туралы нақты статистика жоқ, бірақ қазіргі замандағы емдеу тәсілдері мен ерте диагностика науқастардың өмір сүру деңгейін едәуір жақсартып жатыр.
Қатерлі ісікке қарсы күрестің бірден-бір жолы – скрининг яғни онкологиялық тексеру, салауатты өмір салты мен халықты дұрыс ақпараттандыру. Осы мақсатта Түркияда 26 жылдан бері Ұлттық қатерлі ісікпен күрес бағдарламасы іске қосылған. Тек қана былтырдың өзінде 8 млн жуық адам 390 орталықта медициналық тексерістен өткен. «Скринингтер өз кезегінде кеуде, жатыр мойны және колоректальды қатерлі ісіктер ерте анықтауға мүмкіндік берді», – дейді мамандар.
Азамат Хекимоғлұ, онколог:
- Қазақта сөз бар ғой. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Сол себепті қатерлі ісіктің алдын алуда Түркияда Ұлттық қатерлі ісікпен күрес бағдарламасы 2008 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Тек қана биылдың алғашқы 6 айында 4,5 миллион тегін қатерлі ісікке скрининг жүргізілді. Оның ішінде 1,5 миллионы сүт безі қатерлі ісігіне, 1,7 миллионы жатыр мойны қатерлі ісігіне және 1,2 миллионы тоқ ішек қатерлі ісігіне арналған скринингтер болды. Қазіргі таңда медицина дамыған. Сол себепті алдын ала анықтау, аурудың көптеген салдарының алдын алу деген сөз.
Түркияда қатерлі ісікті емдеуде химиотерапия, сәулелік терапия, иммунотерапия және хирургиялық әдістерді қолданады. Айта кеткен жөн, неміс BioNTech компаниясының өкпе қатерлі ісігіне қарсы «BNT116» екпесін тапқан түрік ғалымы – Уғур Шахин. Иммундық жүйені қатерлі ісік жасушаларын тануға және жоюға үйретуге бағытталған вакцинаның алғашқы фазасына қатысатын жеті елдің қатарында Түркия да бар. Қазірше оның қандай нәтиже көрсететіні белгісіз. Дегенмен тап осындай 36 түрлі қатерлі ісікке қарсы екпенің зерттеуден өтіп жатқаны белгілі. Дәрігерлер ескертеді. Онкология жасқа қарамайды. Сол себепті бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейінгі адамдар жүйелі түрде тексерістен өтіп тұрғаны абзал. Әсіресе туыстарында қатерлі ісік анықталғандар.
Авторы: Меруерт Қанағат.