Израиль – «Хезболла» қақтығысы тоқтады
Израиль мен «Хезболла» қозғалысы арасындағы қарулы қақтығыс бүгіннен бастап тоқтады. Екі тарап та жуырда АҚШ ұсынған екі айлық бейбітшілік жоспарын мақұлдап бекітті. Ол бойынша Израиль өз әскерін Ливаннан әкетіп, шекаралас аймақтарды бақылауды осы елдің тұрақты армиясына беруі тиіс. Ал «Хезболла» қаруын Литани өзенінің солтүстігіне қарай әкетуге міндеттеледі. Тараптар арасындағы келіссөздерге АҚШ пен Франция арағайын болды.
Джо Байден, АҚШ президенті:
- Жергілікті уақытпен таңғы төрттен бастап Ливан-Израиль шекарасындағы қарулы қақтығыс тоқтайды. Бұдан былай «Хезболла» мен басқа лаңкестік топтардың Израильдің қауіпсіздігіне қатер төндіруіне жол берілмейді. Алдағы 60 күн ішінде Ливан армиясы мен мемлекеттік қауіпсіздік күштері ел аумағын қайтадан өз бақылауына алады. Хезболланың Ливанның оңтүстігіндегі инфрақұрылымы қалпына келтірілмейді. Сонымен қатар алдағы 2 айда Израиль Ливандағы әскерилері мен азаматтық тұлғаларын әкетуі тиіс.
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
- Былтыр 8 қазанда «Хезболла» бізді Ливан жақтан атқылады. Қазір бұрынғы «Хезболла» жоқ. Біз оны ондаған жылдарға кері шегіндірдік. Қозғалыстың бұрынғы басшысы Хасан Насралланың көзін құрттық. Басқа да көшбасшылардың көзі жойылды. Зымырандары мен снарядтарын тас-талқан еттік. Мыңдаған лаңкесті мерт қылып, шекарамызбен шектесіп жатқан жерасты инфрақұрылымдарын қираттық.