Әлем елдерінде үлескерлік құрылысты реттеудің өзектілігі артып отыр

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі белең алған сайын үлестік құрылысты реттеудің өзектілігі артып отыр. Себебі «қазба сатысындағы» үйге қаражат салып, кейін құр алақан қалған азаматтар қатары қаншама?! Бұл мәселемен әлем елдері қалай күресіп жатыр?

Ресейде үлескерлік тұрғын үй құрылысы кеңінен танымал. Сондықтан ел билігі үлескерлерді қорғау мақсатында заңнаманы күшейтіп, бірқатар маңызды шарт пен үлеске инвестиция салуға мүмкіндік беретін құқықтық негіздер енгізген. Соның бірі 2019 жылдан бері міндетті саналатын эскроу-шоттар. Яғни, үлескерлердің қаражаты құрылыс аяқталғанға дейін банкте сақталады. Бұдан бөлек, көрші елде үлестік құрылысқа қатысқан азаматтарды компаниялардың банкрот болуынан қорғау үшін өтемақы қоры да құрылған.

Қытай тұрғындары жылжымайтын мүлікті көбіне құрылыс аяқталғанға дейін сатып алуды жөн көреді. Бұл құрылыс компанияларына да тиімді. Себебі тұрғын үй құрылысына қаржы тартылады. Бірақ осыдан бірнеше жыл бұрын Қытайдың жылжымайтын мүлік нарығы құлдырап, көптеген нысанның құрылысы аяқсыз қалды. Атап айтқанда, елдегі ең ірі Evergrande құрылыс компаниясы дағдарысқа ұшырады. Соның кесірінен көрші мемлекетте жаппай наразылық туып, үлескерлер ипотеканы төлеуге бойкот жариялады. Бұл мәселеге Қытай үкіметі араласып, нарықты тұрақтандыру мақсатында проблемалық нысандарды аяқтауға арналған қорлар құрды.

АҚШ-та құрылысың қазаншұңқыры қазылған сәттен бастап ақша құюы сирек кездеседі. Жұрт дайын үйге ден қояды. Ал ол толығымен банктік несие немесе құрылыс компаниясы есебінен тұрғызылады. Америкалықтар осыдан кейін ғана тұрғын үйді сатып ала бастайды. Көбіне бұл процесс ипотекалық бағдарламалар арқылы жүзеге асады. Сондықтан үлескерлікпен арзан үйге ие боламын дейтіндер қатары жоқтың қасы. Мұндай баспаналардың тиімсіз бір тұсы, олардың бағасы біршама жоғары болады.

Түркияда тұрғын үйді құрылыс кезінде алдын ала сатып алу тұрғындар арасында кеңінен таралған. Себебі баспанаға деген сұраныс жоғары. Бірақ елдегі инфляция мен экономикалық тұрақсыздық құрылыс компанияларының өз міндеттемелерін уақытысында орындауына айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Тағы бір түйткіл – үйлердің белгілі талаптарға сай салынбауы. Былтырғы жер сілкінісінен кейінгі жағдай – соның айқын дәлелі. Жермен-жексен болған тұрғын үйлердің көбі сейсмикалық талаптарға сай тұрғызылмағаны белгілі болды.