Әлемдегі көптеген елде жемқорлық белең алған

Әлемнің 122 мемлекетінде жемқорлық белең алған.

Дүние жүзі елдеріндегі сыбайлас жемқорлық деңгейін өлшейтін Халықаралық Transparency International ұйымының зерттеуі осыны көрсетіп отыр. Тек 58 мемлекет қана коррупциямен белсенді күреседі екен. Бірақ бұл кеселді әлі жеңген ел жоқ. Дегенмен пара беруді төмендетіп істі заң аясында шешуге дағдыланғандар бар.

Халықаралық тәжірибеде кей елдер сыбайлас жемқорлықты анықтау және оның жолын кесу үшін интегрити чек яғни, парасаттылыққа тексеру тетігін пайдаланады. Оның көмегімен шенеуніктер еш ескертусіз алдын ала ойластырылған әрекеттер арқылы тексеріледі. Мысалы, АҚШ-та Федералды тергеу бюросы "Шейх" операциясын жүргізіп, жоғары лауазымды тұлғалардың, конгрессмендер мен штат губернаторларының кеңселеріне барып, оларға пара ұсынып, адалдықтарын байқап көрген. Операциядан кейін көп шенеуніктер мансаптарымен қош айтысты. Көп ұзамай АҚШ сауда министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейту үшін арнайы сенім телефондарын құрады.

Италия

Халықаралық тәжірибеде парасаттылыққа тексерудің 2 түрі қолданылады. Біріншісі кез келген мемлекеттік мекемеде лауазымды адамдарға қолданылатын таңдамалы тәсіл. Ал екіншісі – мақсатты амал. Онымен тек сыбайлас жемқорлыққа күдікті лауазымды адамдар Integrity check көмегімен тексеріледі. Мысалы, 90 жылдары Италия жемқорлықпен күресу үшін "таза қол" бағдарламасын енгізді. Нәтижесінде 20 мыңнан астам, тергеуге ілініп, 500 саясаткер түрмеге қамалды. 1990 жылдардың басында сыбайлас жемқорлық елде саяси дағдарыс тудырды.  Кәсіпкерлер өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін биліктегілерге пара беріп отырған. Бірте-бірте тәжірибе қалыпты жағдайға айналып, бизнес пен биліктегілер арасында берік сыбайлас жемқорлық байланыстың орнауына алып келген. Ал қазір бұл елде пара беру және алу ауыр қылмыс саналады. 

Грузия

Трэнспэрэнси Коррупшн статистикасына сәйкес, 2003 жылы Грузия жемқорлық бойынша 176 елдің ішінде 127-орында болған еді. Ұйым зерттеу кезінде бұл кеселдің елдің барлық салаларын дендегенін анықтайды. Ал былтыр мемлекет онымен көп жылдар тиімді күресуінің арқасында 53-орынға дейін көтерілді. 

Яғни мемлекетте парақорлық көрсеткіші Еуропада жемқорлық ең төмен деп саналатын елдердің деңгейіне дейін азайған. Грузия мұндай жетістікке қалай жетті? Айталық, бұл елде бір терезе деген қағида бар. Кез келген анықтама немесе құжат бір жерден беріледі. Сондай-ақ полицияның жеке құрамы 85%-ға жаңартылған. Қызметкерлер саны қысқартылды. Сәйкесінше жұмыс сапасы артты.

Фариза Жанғанаева