Әлем елдерінде мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау жолға қойылған

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі бойынша әлемде түрлі санаттағы 1,3 миллиард мүгедек жан бар. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы, Халықаралық әуежайлар кеңесі және халықаралық әуе көлігі қауымдастығы бүгін Канададағы Монреаль қаласында симпозиум өткізеді. Бұл басқосуда мүмкіндігі шектеулі жандардың сапар кезінде жол жүруін қамтамасыз ету, оларға қолжетімді жүйе құру жайын талқыға салады.

Жалпы әлем елдерінде мүгедектігі бар жандарды тасымалдау қаншалықты жолға қойылған?

Әлем елдерінде мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау жолға қойылған

Мүгедектігі бар жандарға жол жүру бойынша жеңілдік әр елде әртүрлі. Мәселен, Канаданың Торонто қаласында «Wheel-Trans» деген бағдарлама бар. Ол мүгедек жандарды есік алдына дейін шығарып салып, толық тасымалдауды қамтамасыз етеді. Жол жүру құны қоғамдық көлік ақысымен бірдей. Бағдарлама тек қала ішінде қатынауға арналған. Австралияның Квинсленд штатында мүгедектерден такси қызметі үшін ақы алынбайды. Сондай-ақ штатта «Council Cabs» қызметі бар, ол тұрақты кесте бойынша қолжетімді таксиге мінуге мүмкіндік береді және жолаушыларды ең жақын сауда орталығына жеткізеді. Ал АҚШ-тың Бостон қаласында 65 жастан асқан мүгедек жолаушыларға такси қызметі 50% жеңілдік береді.

Жалпы АҚШ-та инватакси арзан тұрады. Метро немесе автобус бағасымен бірдей – 3 доллар. Сондай-ақ такси жүргізушілері үшін көлік сатып алуға және жөндеуге көмекқаржы беріледі. АҚШ-та олардың саны 30 мыңға жуықтайды. Бір ғана Нью-Йоркте 4300 инватакси жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Сан-Франциско, Чикаго мен Лос-Анджелесте кеңінен дамыған.  

 

Еуропада мүмкіндігі шектеулі жандарға жол картасы бар

Еуропаның 7 елінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бірыңғай карта бар. Кез келген жерде адамның мүгедектігін растауға арналған. Бұл алаяқтықтан сақтайды және такси қызметін тез әрі кедергісіз алуға мүмкіндік береді. Қазір Еуропа бойынша мүмкіндігі шектеулі 100 млн адам бар. Бұл жасы 16-дан асқан азаматтардың 27%-і. Карта мәдениет және қоғамдық мекемелерге еркін, жылдам қол жеткізуге кепілдік береді. Саясаткердің пікірінше, бұл карталар мүгедектердің өмірін жақсартады.

«Бұл жобаның мәні – адамдардың өмірін жеңілдету. Арнайы карта олардың біздің қоғамға толық интеграциялану жолындағы тағы бір қадам болмақ. Олардың қоғамнан алшақтануына жол бергіміз келмейді. Әрине, мұндай адамдар кез келген қоғамның тең құқылы әрі толыққанды мүшесі екендігі еш даусыз. Дей тұрғанмен мүмкіндігі шектеулі жандар қашанда ерекше қамқорлыққа зәру екендігін естен шығармағанымыз абзал», – Элена Далли, Еуропалық теңдік комиссары.

 

Мүгедек жандарды тасымалдау жолға қойылған

Сондай-ақ кей елдерде такси қызметіндегі арнайы мүмкіндіктер функциясын пайдалану болады. Бұл қала бойынша қозғалысты жеңілдету және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға кез келген жерге тасымалдау үшін қолжетімді етіп жасалған. Қызметке тапсырыс беру өте қарапайым. Пайдаланушылар сапар үшін кез келген тарифті таңдай алады. Қызмет құны өзгермейді. Сөйтіп, жүргізуші жолда орындау керек арнайы тапсырмалар туралы алдын ала ақпарат алады. Мәселен, көлікті табуға және жолаушыны отырғызуға көмектесу сияқты әрекеттер. Сондай-ақ экрандағы сипаттама жүргізушіге қажетті ақпаратты көрсетеді; Яғни, клиентінің нашар еститінін немесе сөйлеу қабілеті шектелгені туралы алдын ала хабардар болады. Жоба инклюзивті қоғам құрудағы маңызды қадам болды, мұнда әркім, физикалық жағдайына қарамастан еркін қозғалуға және қажетті қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік алады.