Мексикалық кәсіпкерлер Трамптың саясатына алаңдап отыр

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп қызметіне кіріспей жатып, Мексикадан келетін тауарларға 25% баж салығын енгізуге уәде берген. Осыған байланысты жергілікті кәсіпкерлер көп өнімнің сатылымы төмендейді деп алаңдап отыр. Ал Мексика билігі бұл шарадан азық-түлік бағасы қымбаттап, америкалық тұтынушылар да зардап шегеді деп ескертіп жатыр.  

Мексика – АҚШ-қа қызанақ, авокадо, таңқурай, құлпынай және болгар бұрышын экспорттаушы жетекші ел. Мексиканың батысында бірде-бір жеміс-жидек авокадо сияқты табыс әкелмейді. Бірақ қазір жергілікті шаруалар АҚШ-та сайлауда жеңіске жеткен Трамптың саясатынан қауіптеніп отыр. Олар Ақ үйдің жаңа басшысы импортталатын тауарларға салықты көтеріп, бағалар күрт өсе ме деп алаңдайды.

Фабиан Санабрия, фермер:

- Біз қазір экономикалық тұрғыдан Америка Құрама Штаттарына тәуелдіміз. Егер олар тарифтерді көтерсе, біз жемістеріміздің бағасын қымбаттатуға мәжбүр боламыз. Сөйтіп, билік халыққа көтерме бағаға сатып алуға өзі итермелейді.

Ресми дерекке сүйенсек, 2022 жылы Мексикадан АҚШ-қа көкөністің 69%-і, жеміс-жидектің 51%-і экспортталған. Сондай-ақ алкогольді ішімдіктерді өндірушілер де АҚШ нарығында айтарлықтай табысқа жетті. Былтыр олар бұл елге құны 4,6 миллиард доллар тауар жеткізген.

Марсело Эбрард, Мексика экономика министрі:

- Солтүстік Америкаға тасымалданатын жүк көліктерінің 88%-і Мексикадан әкелінеді. Бұл бір бөлігі ғана. Бірақ Трамп билікке келген соң елден экспортталатын көліктерге 25%-тік тариф енгізсе, америкалық тұтынушылар 3000 доллар төлейді. 

Мексика билігі мұндай шара АҚШ-тың 400 000 жұмыс орнынан айырылуына әкелуі ықтимал деп ескертіп отыр. Ал Дональд Трамп болса баж салығын заңсыз көші-қон және есірткі контрабандасымен күресу үшін қолға алынғалы отырған шара деп түсіндіреді.

Авторы: Фариза Жанғанаева.