Трамп ХАМАС-тан израильдік тұтқындарды босатуды талап етті
АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Газа секторында ХАМАС тұтқынға алған израильдіктерді билікке келгенше босатпаса, қатаң жазаланатынын ескертті. Ол кепілдегілер қаңтардың 20-сына дейін жіберілу керек деп талап қойып отыр. Бұл туралы саясаткер Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
Трамп аймақтағы мәселе қанша мәрте талқыланғанмен, нәтиже болмай тұрғанына қынжылатынын жеткізді. Өткен жылдың 7 қазанында ХАМАС қозғалысы Израильдің шекарадағы аймақтарын шабуылдап, 254 адамды тұтқынға алған еді. Израиль күштері әскери операция кезінде олардың 154-ін босатқан. Қалғандары әлі кепілде. «Бірақ олардың жартысы ғана тірі болуы мүмкін», – дейді Израиль билігі.