Қазақстандықтар Мәскеудегі халықаралық фестивальде гран-при жеңіп алды

Қазақстандық жас таланттар халықаралық фестивальде Гран-при жеңіп алды.

Мәскеуде «КТК – дарынды балаларға» атты балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының халықаралық фестивалі өтті. Бұл шараға маусым айында Атырау қаласында өткен «Jas Tolqyn» жас таланттар байқауының гран-при иегерлері қатысты.

«Jas Tolqyn» байқауына жыл сайын Қазақстанның батыс өңірлерінен қала мен шалғай ауылдарынан мыңдаған жас өнерпаздар қатысады. Жеңімпаздар Мәскеуде өтетін халықаралық фестивальде еліміздің намысын қорғау мүмкіндігіне ие болады. Байқаудың мақсаты – ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді сақтау және қайта жаңғырту.

Қайыргелді Қабылдин, "КҚК-Қ" АҚ Бас директорының ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары:

- Каспий құбыр консорциумы Қазақстанда қайырымдылық қызметке жыл сайын үш жарым млн доллар бөледі. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларын қолдауға, нақты айтқанда, балабақша, мектеп пен медицина объектілерін салу үшін жұмсалатын қаржы.  Осы қайырымдылық бағытта «Jas Tolqyn» жас таланттар конкурсы ерекше орын алады.

Фестиваль аясында балалар үш күн бойы Ресейдің ең үздік мәдениет қайраткерлерінен вокал, хореография, классикалық және халық аспаптарынан шеберлік сабақтарын алды, сондай-ақ экскурсияларға қатысты. Сонымен бірге Қазақстанның жас өнерпаздары ВДНХ-дағы Қазақстан павильонында концерт өткізді.

Қыдыркелді Тәжіғалиев, Presto шертершілер ансамблінің жетекшісі:

- Осы жаққа келгенімізде балаларда күтпеген сезім болды. Балалар үшін жас өсіп келе жатқан өнерпаздар үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Барлық қаражат біздің КТК компаниясының арқасында төленіп жатқаннан кейін  балаларға үлкен мүмкіндік беріліп жатыр осындай керемет сахнада өнер көрсетіп, керемет басқа жақтан келген өнерпадармен танысып, үлкен мүмкіндіктер беріп жатыр.

Барлық қазақстандық қатысушылар жүлделі орындарға ие болды. Гран-приді «Телконыр» халық ансамблі, «Жем Аруы» би ұжымы және әнші Айбар Санбаев жеңіп алды.

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров