Әлем көшбасшылары Сириядағы жағдайға пікір білдірді

Сириядағы жағдайға әлемнің бірқатар көшбасшысы пікір білдірді. Бәрі оқиғалардың қалай өрбитініне алаңдаулы.

Олаф Шольц, Германия канцлері:

- Башар Асад халқын аяусыз қанады. Оның кесірінен көптеген адам қаза тапты, шетел асты, көбі Германияға келді.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Бұл Таяу Шығыс үшін тарихи күн. Асад режимі Иранның жақын одақтасы болатын. Енді бұл режим құлады. Бұл Асад режимінің басты жақтастары – Иран мен «Хезболлаға» жасаған соққыларымыздың тікелей нәтижесі.

Аббас Аракчи, Иран сыртқы істер министрі:

- Әрине, Ислам Республикасы сионистік режимнің озбырлығына қатысты қатты алаңдайды. Олар өткен түннен бері Голан аңғарындағы біраз жерді басып алғысы келіп отыр. Біз Сирия халқының алдағы өз тағдырын демократиялық тетіктер арқылы айқындағанын қалаймыз. Сириядағы билікті басып алған топпен қарым-қатынасымыз олардың Иранға қатысты ұстанған саясатына байланысты болмақ.

Хакан Фидан, Түркия сыртқы істер министрі:

- Сирия халқы өз тағдырын айқындайтын кезеңге аяқ басты, үміт сәулесі жанды. Жаңа Сирия әкімшілігін бүкіл жұрт бірге құруға тиіс. Мұның соңы кек алуға ұласпағаны жөн. Бұл жағдайды лаңкестік ұйымдардың пайдаланып кетуіне әсте жол беруге болмайды. Жаңа Сирия көршілер үшін қауіп туғызбауы керек.