Әлемде 50 млн-ға жуық лицензиясы бар аңшы бар

Қыс қаһарын төгіп, қауіп-қатерді күшейткенмен, бұл аңшылардың олжаға кенеліп, қанжығасын майлайтын кезең.

Әлемде 50 млн-ға жуық аңшы бар екен. Бұл – лицензиясы бар аң-құс аулаушылар. Көбі – америкалықтар. Hunting Statistics осылай дейді.  

Қазір біраз елде аңшылық маусым ашық болғанымен, рұқсат етілген жыртқыш түріне қарай ол өзгеріп отырады. Қазір АҚШ-та елік аулау заңды. Ал Еуропаның кей елдерінде жыл оны екі ай қабан атуға болады. Сөйтіп, аңшылыққа қатысты әлемде қандай жаңалықтар бар?

Әлемнің кей елдерінде аң аулау кәсіп қана емес, ежелгі дәстүр.

Ландшафтты аймақ Оңтүстік Африкада аңшы көп. Мұнда сафари туризмі жақсы дамыған. Өзге өлкеде жоқ аң-құс атаулының 50-ден астам түрі осында бар. Қаптаған қолтырауынымен танымал мозамбик осы құрлықта. Мұнда аң аулау маусымы мамырдан қыркүйекке дейін жалғасады. Ал тропикалық аймақ Танзания аңшылық кәсіп дамыған үздік үштікті қорытындылайды. Бұл өлке көп кездеспейтін трофей жануарларымен жұртқа мәлім.

Еуропада ежелден аң аулайды. Мұнда жыртқыш атаулы қара құрлықтағыдай алуан түрлі болмағанмен қабан, аю, қырғауыл мен үйрек көп. Мажарстанда қабан мен муфлонды жыл бойы атуға болады. Бөдене мен қырғауыл, қаз-үйректі Сербиядан да жиі кездестіресіз. Аңшылыққа қолайлы тағы бір аймақ – Канада. Бұл жер жабайы табиғаты мен жануардың алуан түріне бай.

 

Намибия билігі жан-жануарды атып, етін халыққа таратады

Тақауда Намибия үкіметі 700-ден астам жануарды аулауға рұқсат етті. Оның ішінде піл, зебра, буйвол, импала және бегемот бар. Үкімет бұл шешімнің себебін қуаңшылықпен байланыстырады. Яғни, егін шықпай, халыққа аштық қаупі төнген. Кейінгі дерекке сүйенсек, Намибия жұртының жартысынан көбі, яғни, 1,4 млн адам ас-суға мұқтаж. «Бұл шешім адамды да, аңды да қорғаудың тиімді тәсілі», - дейді билік өкілдері. Қазірдің өзінде 83 піл ауланып, мұқтаждарға таратылды.

Намибия қоршаған ортаны қорғау министрлігі:

- Жануарларды ату жұмыстары кәсіби аңшылар мен сафари ұйымдастырушыларына жүктелген. Ол популяциясы жоғары, жайылымдық ресурсы кең аймақтарда жүргізіледі.

 

Зимбабведе тұрғындарға пілдің еті таратылады

Бұл қадамды қуаңшылық жайлаған Зимбабве билігі де қолға алды. Олар аштықтан зардап шеккен тұрғындарды тамақтандыру үшін 200 пілді атуды жоспарлап отыр. Егер өнім аздық етсе, бұл сан әлде де өсуі мүмкін. Айта кетейік, Зимбабвені 80 мыңнан астам піл мекендейді.

 

Исландияда кит аулауға рұқсат етілді

Ал Исландия 2029 жылға дейін кит аулауға рұқсат етті. Аңшылар маусым-қыркүйек айларында 400-ден астам сүтқоректіні сойысқа жіберуі мүмкін. Бірақ биліктің бастамасы жануарлар құқығын қорғаушылар тарапынан дауға ұшырады. Олардың сөзінше, бұл аң-құсты қорғау заңына қарама-қайшы. Дегенмен, үкімет өз дегенінен танбай отыр. Айта кетейік, әлем бойынша тек Исландия, Норвегия және Жапонияда ғана кит аулауға рұқсат етіледі.

 

ЕО қасқырларды қорғау мәртебесін ауыстырды

Кейінгі онжылдықта Еуропада қасқыр популяциясы екі есе ұлғайды. Оның сирек кездесетін түрі де көбейген. 2016 жылы бар болғаны 14300 қасқыр тіркелсе, көрсеткіш 7 жылда 6 мыңға өскен. Сол себепті Еуроодақ жыртқышты «қатаң қорғалатын» мәртебеден «қорғалатын» мәртебеге ауыстырды. Бұл келер жылдың наурызынан бастап күшіне енеді. Енді аңшылар рұқсат етілген кезеңде қасқыр аулай алады. Бірақ оларға ретсіз шабуыл жасап, өлтіруге болмайды. Тек мал-жанға, егістік алқабына айтарлықтай қауіп төнгенде ғана атуға құқылы.

 

Жапонияда аңшылар қартайып барады

Ал Жапонияда халықпен бірге аңшылар да қартайып барады. Мұның соңы аюлар шабуылының көбеюіне әкелді. Былтыр наурыздан осы жылдың наурызына дейін Күншығыс елінде түз тағысы тарапынан 219 шабуыл жасалған. Солардың алтауы кісі өлімімен аяқталды. Ал 2020 жылғы статистикаға жүгінсек, мұнда аң-құс атуға рұқсаты бар аңшылардың 60%-і алпысты алқымдаған. Билік қариялардың аюмен алыспақ былай тұрсын, қару ұстауға шамасы жете ме деп алаңдайды. Осы себепті олар мәселені былай шешуге кіріскен. Жергілікті компания жасап шығарған роботты жыртқышқа қарсы қолдана бастады. Бұл құлтемір 60 түрлі дыбыс шығарады. Ұлиды, адамның да даусын салады. Атылған оқтың жаңғырығын бір шақырымға дейін жеткізіп береді. Жапон билігі аңшылықты үйренетін жастар табылмаса, осылай амалдауға мәжбүр.

Тору Ёсино, шаруа:

- Біз қой-ешкі бағамыз. Адамдар жиналған жерге аюлар жиі барады. Оларды күнде көріп, қорқатын болдық.

Юдзи Охта, құрастырушы компания директоры:

- Халық қартайған аймақтарға құлтемірді орналастыру қажет. Бұл тұрғындар орналасқан аймаққа баса көктеп кіретін аюларды үркітіп, ауылдан аластатады. Меніңше, біздің қоғамға нағыз қажет технология.

Аңшылық кәсіп дейміз. Бірақ оның қоршаған ортаға тигізетін әсері де жоқ емес. Сол себепті әлем жұрты бекітілген мерзімде ғана аң-құсты ауласа, экожүйеге зиян келмейді, тіршілік иелері өздігінен жоғалмайды.