Африкада Ніл өзеніне қатысты дау басылмай тұр

Әлем халқының 40%-і трансшекаралық өзен мен көлдердің жанында тұрып жатыр. Бірақ соған қарамастан елдердің тек 20%-і ғана тіршілік нәрін бірлесіп пайдалану бойынша келісімдерге қол жеткізген. Бұл ретте әсіресе Африкадағы жағдай күрделі. Құрлықтағы су ресурстарының үштен екісі трансшекаралық өзен-көлдерге жатады. Ал мұнда ауызсудан тарығып отырған ел көп. Сондықтан сарапшылар бұл түрлі даулардың ушығу қаупін арттыратынын ескертеді.

Африкада Ніл өзеніне қатысты дау басылмай тұр

Мамандар бәрінен қиын жағдай Африкада дейді. Жақында мұнда Ніл өзені бассейні бойынша ынтымақтастық туралы келісім күшіне енді. Мәселеге қатысты келіссөздер 10 жылдан астам уақыт бойы жалғасқан. Бірақ құжатқа бассейн аумағындағы Египет пен Эфиопия қол қоюдан бас тартты. Екеуі де Ніл ағысының бойымен ең төмен орналасқан елдер саналады. Қазір өзенде бөгет салу туралы ірі жобаға қатысты жанжал жалғасып жатыр. Эфиопия оның құрылысы елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызды дейді. Бірақ Мысыр бұл су режиміне қауіп төндіретін айтады. Өйткені жергілікті халықтың 97%-і тіршілік нәрін осы Ніл өзенінен алады. Осыған қатысты саммит қазан айының соңында өту керек еді. Бірақ Египет пен Эфиопия бас тартып, іс-шара келер жылға қалды.

 

Өзбекстан мен Ауғанстан Кош-Тепа каналы бойынша ортақ комиссия құрды

Орталық Азия елдері климаттың өзгеруінің салдарын сезініп отыр. Сарапшылардың есептеуінше, құрғақшылық пен аптап ыстық салдарынан 2050 жылға таман Өзбекстан экономикасы 10%-ке қысқаруы мүмкін. Ауғанстандағы Кош-Тепа каналының құрылысы оңтүстіктегі көршімізде су мәселесін одан бетер ушықтырып жіберуі ғажап емес. Бұл арнаны салу жұмыстары 2 жыл бұрын басталған. 2028 жылы аяқталуы тиіс. Бірінші бөлігі қолданысқа беріліп қойған. Ауғанстан осы жоба аясында 50 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлерін суару үшін жыл сайын Әмудариядан 10 текше шақырым суды бұрып отыруға ниетті. Бұл Өзбекстан ғана емес, Түрікменстанға да әсер етіп, Орталық Азияның су режимін өзгертуі мүмкін деген күдік бар. Тәліптер Әмудария суын өз беттерінше пайдаланатынын айтады. Десе де сарапшылар: «Бұл ретте маңайдағы өзге мемлекетердің мүддесі ескерілуі тиіс», – дейді. Жуырда ресми Ташкент пен Кабул осы Кош-Тепа бойынша ортақ комиссия құрды. Бұдан бөлек екі тараптың қатысуымен келіссөздер жалғасып жатыр.

 

Оңтүстік-Шығыс Еуропада су келісімі өз тиімділігін көрсетті

Еуропада трансшекаралық суларды ортақ пайдалану бойынша тиімді келісімдер жасалған. Солардың бірі Сава өзенінің бассейніне қатысты. Құжатқа 2002 жылы Босния және Герцеговина, Хорватия, Сербия мен Словения қол қойған. Ол Оңтүстік-Шығыс Еуропаның тұрақты дамуына бағытталған алғашқы көпжақты келісімге айналды. Сарапшылардың айтуынша, 22 жыл ішінде ортақ жоба аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, өзге елдерге су ресурстарын басқару бойынша үлгі болып отыр. 

Авторы: Жулдыз Атагельдиева.