Түркиядағы қазақ жастары Тәуелсіздік күнін атап өтті
Егемен елдің ең ұлық, ең қастерлі мерекесі - Тәуелсіздік күні шетелде де аталып өтті.
Айтулы күнге орай Анадолыдағы қазақ жастары ерекше кеш ұйымдастырды.
Салтанатты іс-шараны көруге жиналған жұрт қарасы қалың болды. Түркиядағы меншікті тілшіміз Меруерт Қанағат жалғастырсын.
Самалтау. Алаш Маршы. Елім-ай. Жұмекең мен Шәмші әңгімесі және қазақтың азаттық үшін күресін паш ететін театрлық қойылымдар. Орындаушылар кәсіби болмаса да дауыс ырғағы мен орындау мәнері сахна саңлақтарынан бір кем емес. Бұл Анкарада білім алушы қазақ жастарының Тәуелсіздік күніне арнауы.
Ахмет Әли Омар, Қазақстандық студенттер бірлестігінің төрағасы:
- Соңғы Қазақстанның 100 жылдық тарихын 1916 жылғы «Самалтау» әнінен бастап, қазіргі Қазақстан тәуелсіздігіне дейін алып келдік. Арада театрлық қойылымдар қойылды. Үш арысымыз бар. Алаштың қайраткерлері бар. Осы Анкарада оқып жүрген оқушылар бірігіп, сомдап отыр. Бұл рольдерді атқарып шығару оңай болған жоқ. Бет-бет сөздері жаттады өздері.
Мадина Жанғазы, докторант:
- Ең алдымен елге деген сағынышымыздың көрінісі болды. Шетелде жүрген қазақтар ретінде бұл шара біз үшін өте маңызды. Аңсап жеткен тәуелсіздігімізді тағы да бір рет көзімізге жас алып, аңсағанымызды қандай деңгейде жеткенімізді, қандай қиыншылықпен келгенімізді тағы бір рет еске түсірдік.
Ұлық күнге арналған салтанатты іс-шараға 700-ге жуық жас қатысты. Кешті Анкардағы Жоғары оқу орындарының ұстаздары мен осы елде білім алып жүрген бауырлас елдердің өрендері келіп тамашалады. Жиналғандар қазақ жастарының отаншылдық рухына тәнті болғандарын айтып жатты.
Калмурат Апасов, Анкарадағы қырғыз студенттері бірлестігінің өкілі:
- Қазақ біртуғандарымздың бүгінгі мерекелік іс-шарасы өте жақсы ұйымдастырылған. Ұлы Абай айтқандай «Өмір – мұхит, уақыт – толқын». Бүгінгі шарада әрбіріміз пайдалы мағлұматтар алдық. Туысқан елдің тарих беттерімен таныстық.
Елшод Солимов, өзбекстандық студент:
- Түркияға келгеніме екі ай ғана болды. Қазақстандық студенттер өздерінің барлық ұлттық мерекелерін осында тойлап, біздерді шақырып тұрады. Қазақ достарым өте белсенді.
Наструллах Узман, Хажы Байрам университетінің профессоры:
- Қазақстанның тәуелсіздігі бір елдің ғана азаттығы емес, күллі түркінің жандануы. Түркі елдерінің достастығы нығая берсін. Қазақ жастарының осындай кешке шақырғанына алғыс білдіремін.
Концерттік бағдарламадан бөлек жастар қонақтарға ақ дастархан жайып, елден келген дәм-тұздан ауыз тигізді. Әсіресе қонақтар Анадолыда табылмайтын қазы-қарта мен бауырсақ жеп, мәз-мейрам болды.