Volkswagen компаниясы наразы қызметкерлерімен келісімге келді

Бірнеше айдан бері дауға қалған Volkswagen компаниясы Германиядағы наразы қызметкерлерімен келісімге келді.

Биыл көлік өндіруші алпауыт кәсіпорын қаржылық қиындықтарға байланысты мыңдаған жұмыс орнын қысқартып, еңбекақы мөлшерін азайтып, бірнеше зауытты жабуды қарастырған еді. Алайда автоконцерннің 100 мыңға жуық қызметкері ереуілге шығып, талаптары қанағаттандырылмаса, мүлде жұмысты тоқтататынын айтып қарсылық танытты. Компания тарихында алғаш рет келіссөздер 70 сағатқа созылып, нәтижесінде жыл сайын 15 млрд евро үнемдеуге болатын жоспар ұсынылды. 

Торстен Гройгер, Іg-metall жұмысшылар бірлестігінің өкілі:  

- Ұзақ келіссөздердің арқасында зауыттардың жабылуының алдын алдық. Қазіргі айлық еңбекақыны да қысқартпайтындай еттік. Қаржы үнемдеу үшін қызметкерлерді 2030 жылға дейін жұмыстан шығармауға келістік. Мамандарды қысқарту ерте зейнетке шығару, жұмыс орнын босатқаны үшін қаржылық өтемақы төлеу және жаңа қызметкерлерді жұмысқа алмау есебінен ғана жүреді.

Томас Шейфер, Volkswagen брендінің басшысы:

- Тыңғылықты талдау нәтижесінде компания қоймаларындағы көлік санын 700 мыңға азайтпақпыз. Жаңа модельдерді дамыту жұмыстарына кететін шығынды барынша қысқартуды қолға аламыз. Және қызметкерлердің жұмыс күшін үнемдеуді жаңа деңгейге шығаруды көздеп отырмыз.

Бұдан бөлек Германиядағы зауыттардың кей қызметтерін Мексикаға жіберіп, шығаратын өнім түрлерін өзгерту де жоспарға енді. Бірақ қарашаға жоспарланған жалақыны өсіру кейінге шегеріліп, Дрездендегі зауыт көлік шығаруын тоқтататын болды. Германиядағы көлік индустриясының дағдарысы электрокөліктерге сұраныстың артып, қытайлық өнімдердің нарықты жаулауы салдарынан ушыққан еді.