Корея президентінің міндетін атқарушыға импичмент жариялау дауысқа салынады

Оңтүстік Корея парламенті президенттің міндетін атқарушы және премьер-министр Хан Док Суға импичмент жариялау мәселесін қарап жатыр. Ұсынысты елдегі негізгі Демократиялық партия енгізді. Өйткені Хан Дак Су Конституциялық сотқа ұсынылған 3 судьяны бекітуден бас тартқан.

Олар басқа 3 сотқа қосылып, импичмент негізінде орнынан аластатылған Юн Сок Ёльге қатысты тергеу жүргізуі керек болатын. Іс бойынша бастапқы тыңдау ертең өтуге тиіс. Егер Конституциялық сот президентті биліктен айыру керек деген шешім қабылдаса, 60 күн ішінде кезектен тыс президент сайлауын өткізу қажет. Юн Сок Ёль қызметін асыра пайдаланды және бүлік шығарды деген күдікке ілінген. 14 желтоқсанда парламент оған импичмент жариялады. Оның өкілеттігі уақытша тоқтатылған.

Парк Чан-Дэ, Корея Демократиялық партиясының көшбасшысы:

- Премьер-министр Хан Дак Су Конституциялық соттың судьясын тағайындамайтынын ресми түрде мәлімдеді. Негізі бұл оның конституциялық міндеті болатын. Ол өзін биліктің емес, опасыздықтың өкілі ретінде көрсетіп отыр. Премьер-министр Хан Дак Судың президент міндетін атқарушы ретінде біліктілігі немесе конституцияны қорғауға ерік-жігері жоқ екені белгілі болды. Демократиялық партия премьер-министр Хан Дак Суға импичмент жариялау туралы ұсыныс берді.