Аңшылық үшін тартымды аймақ
Әлемде аңшылық туризм қарқынды дамып келеді. Бірақ аңшылар қауымы олжаға кенелетін ландшафтты бағыт жыл сайын өзгеріп отырады. Биыл бұл тізімнің басында Аргентина, Оңтүстік Африка мен Жаңа Зеландия елдері тұр.
Мысалы қабан мен бұғыға бай өлке Оңтүстік Америкаға жыл сайын өзге аймақтан 20 мыңнан астам аңшы арнайы ат басын бұрады. Көршіміз Қырғызстанға да аңшылық туризм үшін шекара асып келетіндер көп. Сонымен дорбасын арқалап дүниені кезетін аңшылық саяхатқа әлем елдері қаншалықты ден қойған?
Табиғаттың жыл сайын құбылып тұратыны секілді аң-құс аулаудың қолайлы аймағы да өзгеріп отырады. Биыл Алясканың таңғажайып табиғаты аңшылардың қанжығасын майлауға қолайлы болып тұр. Биыл мұнда бұлан, қара, қоңыр аю, жабайы қошқар, қарақұйрық сияқты жануардың түрі қаптап жүр. Аңшы туристер аймаққа өту үшін бар болғаны құны 85 доллар, біздіңше 44 мың теңге тұратын аңшылық лицензиясын алуға тиіс. Африкадағы Танзанияда қазір аңшылық маусым ашық. Аймақта арыстан, жолбарыс, буффало, піл сияқты аң-құс атаулыны ату 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Мұнда туризмнің бұл түрі сафари стилінде жүргізіледі.
Аргентинада ягуарға браконьерлік тыйылмай тұр
Ал Аргентинада кейінгі жылдары көгершін көбейді. Қазір бұл елде жаппай көгершін атуға жол ашық. Бірақ аңшылар қауымы тарапынан құс емес, аймақта сирек кездесетін ягуарға браконьерлік тыйылмай тұр. Жергілікті табиғатты қорғау ұйымының мәліметіне қарағанда елде қазір 250-дей ғана мысықтұқымдас жыртқыш қалған. Аргентинаға жыл сайын өзге елден 20 мыңға жуық аңшы ағылып келеді.
Португалияда аңшылық саяхат қымбат емес
Кәрі құрлықта 7 млн аңшы бар. Қазір олар үшін Португалияға саяхатқа аттану тиімді болып тұр. Өйткені ұйымдасқан аңшылық туризм құны 3 мың еуро, яғни 1 млн 600 мың тг. Саяхат үш күнге созылады. Оған бір мезетте 30 аңшыға дейін тартыла алады. Мұнда көбінесе Испания, Франция, Англия азаматтары жиі келеді. Олардың басты олжасы – аймақта көп кездесетін қасқыр, түлкі, қоян мен бұғы. Ал қазір бұғы мен қабан ату маусымы ашық. Келер жылдың 28 ақпанына дейін жалғасатын саяхат турының құны 2820 АҚШ доллары шамалас. Бұл біздің теңгемен 1,5 млн.
Моңғолия аңшылық туризмге бейім
Аңшылық қарқын алған тағы бір аймақ – Моңғолия. Алтай тауынан Гоби жазығына дейінгі аралықты алып жатқан моңғол жерінде кәсіптің бұл түрі ежелден бар. Азия өңіріне саяхаттағысы келетіндер алдымен осында бас сұғады. Өйткені бұл жерде азиялық жабайы аңдар көп шоғырланған. Алтай, Гоби, Хангай арқарынан бастап Сібір таутекесі мен бұғысы, Алтай маралы, моңғол газелі мен жабайы шошқаны жиі кезіктіресіз. Ал аңшылық маусым шілде мен қазан айы аралығында ашық болады.
Оңтүстік Австралияда садақпен аң аулауға тыйым салынды
Оңтүстік Австралия Үкіметі биыл 1 желтоқсаннан бастап аңшылық үшін садақ пайдалануға тыйым салды. Бұл заң сазан балығын аулауды қоспағанда аң-құстың барлық түріне қатысты. Ережені елемегендер 1 мың АҚШ доллар көлемінде айыппұл арқалайды.
Лапландияда әуесқойларға аң аулауға тыйым бар
Сиқырлы өлке Лапландияға жұрт Аяз атаны көру үшін ғана емес, аң-құс аулауға да жиі аттанады. Бұлан мен бұғы ату дәстүрі аймақта жақсы дамыған. Мұнан бөлек аңшылар мұзды аю, елік және қоян аулау үшін арнайы барады. Бірақ әуесқойларға қатаң тыйым салынған. Тек кәсіби аңшылар жорыққа шығады. Ал қазір қоян аулауға шектеу жоқ.
Ал біздің өлкеде аңшылық туризмі біртіндеп қанат жайып келеді. Кейінгі мәліметке сүйенсек қазақтың дархан даласында аңшылық нысанына жататын құстың 60-қа жуық түрі мен сүтқоректілердің 30-дан астам түрі кездеседі. Ал аулаушылар негізінен Ресей, АҚШ, Германия, Ұлыбритания мен Франция азаматтары.